АҚШ-та Капитолийге шабуыл жасап, кейін ақталған адамды полиция атып тастады
АСТАНА. KAZINFORM – 2021 жылдың 6 қаңтарында Капитолийге шабуыл жасағандарға АҚШ президенті Дональд Трамп рақымшылық жасаған болатын. Олардың арасында Индиана штатының азаматы да бар еді. Осы азамат рақымшылық жасалғаннан кейін бірнеше күннен соң полиция қызметкерінің қолынан қаза тапты, деп хабарлайды ВВС.

42 жастағы Мэттью Хаттл жексенбі, 26 қаңтарда атып өлтірілді. Индиана штатының полициясы мәлімдегендей, тәртіп сақшылары оның көлігін тоқтатып, ұстамақ болған. Бірақ, Хаттл қарсылық танытып, офицермен жанжалдасып, ақыры офицер оған оқ атқан. Күдікті алған жарақатынан көз жұмды.
Полиция қызметкері ақылы әкімшілік демалысқа жіберілді.
- Толық ашықтық үшін мен Индиана штатының полициясынан атысқа қатысы бар офицерге қатысты тергеу жүргізуді сұрадым, - деді Джаспер округінің шерифі Патрик Уильямсон.
Ер адамның не себепті ұсталғаны белгісіз. Полиция Хаттлдың өзімен бірге атыс қаруы болғанын қосып өтті.
Мэттью Хаттл 2022 жылдың қарашасында тәртіп бұзғаны және кіруге тыйым салынған ғимаратқа кіргені үшін қамауға алынды. Ол Капитолийде 16 минут болды. Оның қорғаушысының айтуынша, Хаттл саяси белсенді емес еді.
Ол 6 қаңтарда ағасымен Вашингтонға келді. Ол өздері оқталған іс «тарихта қалатын оқиға болады» деп сенді, одан кейін ол жол ережесін бұзғаны үшін түрмеге отырып келген соң немен айналысарын білмей жүрді. Осының барлығы Хатлл-дың заңсыз әрекетке баруына себеп болды.
Ол кінәсін мойындап, алты айға бас бостандығынан айырылды. 2024 жылдың шілдесінде босатылуы тиіс еді.
Адвокаттың сендіруінше, Хаттл сотқар емес.
Оның ағасы Дэйл Хаттл да тәртіпсіздіктерге қатысқан және ғимаратты басып алғанына еш өкінбейді, мұны «патриоттық парыз» деп санайды. Полиция қызметкеріне флагштокпен шабуыл жасағаны үшін ол 30 айға бас бостандығынан айырылды.
Дэниел Белл сияқты қару сақтағаны үшін қамауға алынған Капитолий бүлікшілеріне рақымшылық жасалғаннан кейін жаңа құқықтық мәселелер туындап отыр. Дональд Трамп 1600-ге жуық бүлікшіге рақымшылық жасады. Алайда оның шешімін республикашылдардың бәрі бірдей қолдаған жоқ. Сенатор Линдси Грэм кешірім жасауды қателік деп атап, бұл полиция қызметкерлеріне қатысты әділетсіздік деп санайды.
Washington Post мәліметінше, 2015 жылдан 2024 жылға дейін АҚШ-та полиция 10 429 адамды атып өлтірген.
Осыған дейін АҚШ Конгресі заңсыз мигранттарды қамауға алу туралы заң қабылдағаны туралы жаздық.