АҚШ-та концерт кезінде атыс болып, 9 адам жараланды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Калифорния штатындағы Стратмор елді мекенінде жеке концерт кезінде атыс болып, тоғыз адам зардап шекті, деп хабарлайды Синьхуа.
Зардап шеккендердің екеуінің жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр.
ABC30 News телеарнасының хабарлауынша, атыс болған сәтте концертке шамамен 100 адам қатысқан.
Полицияның алдын ала мәліметіне сәйкес, оқиға қылмыстық топтар арасындағы жанжалға байланысты болуы мүмкін.
– Атыс кезінде іс-шарада шамамен 100 адам болған. Тоғыз адам жарақат алды, олардың екеуінің жағдайы өте ауыр. Алдын ала болжам бойынша, оқиға қылмыстық топтар арасындағы қақтығысқа байланысты, – делінген жарияланған ақпаратта.
Оқиғаның өзге мән-жайлары әзірге нақтыланған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін 2 қарашада АҚШ-тың жеті штатында Хэллоуин мерекесі кезінде болған атыстардан 12 адам қаза тауып, 50-ден астам адам жараланған еді.