АҚШ-та құны 1 млн долларға жуық покемон карталары ұрланды

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Калифорнияда бағалы заттардың түпнұсқалығын тексеріп, құнын бағалайтын компанияның жанында тұрған FedEx жүк көлігінен құны 1 миллион долларға жуық сирек кездесетін покемон карталары ұрланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі ABC News-ке сілтеме жасап.

АҚШ-та құны 1 млн долларға жуық покемон карталары ұрланды
Фото: pokeflip.com

Оқиға Санта-Ана қаласындағы Professional Sports Authenticator (PSA) кеңсесінің маңында болған. Полицияның мәліметінше, ұрланған жүздеген картаның жалпы құны — 963 мың доллар.

Қолды болған карталар АҚШ-тың әр өңірінен келген коллекционерлерге тиесілі болған. Олар карталарды түпнұсқалығын тексеріп, нарықтық құнын анықтау үшін PSA компаниясына тапсырған.

Осыған байланысты Sky-B Cards лақап атымен танымал коллекционердің екі жыл бойы жинаған 104 картасы да ұрланған. Ол карталарды бағалату үшін PSA компаниясына 8 мың доллардан астам қаражат жұмсаған. Жинағы 150 мың доллардан астам сомаға сақтандырылған. 

Күдіктілер әлі анылған жоқ, полиция тергеу жүргізіп жатыр.

Бұған дейін Pokemon картасы Нью-Джерсидегі аукционда рекордтық 16,49 миллион долларға сатылғаны хабарлағанбыз.