АҚШ-та лотерея жеңімпазы 1,3 млрд доллар ұтысын әлі алған жоқ

ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Америкада Mega Millions лотереясында $1,3 млрд доллар ұтып алған жеңімпаз билет сатып алғаннан бері бір ай өтсе де, джекпотын әлі ала алмай жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат CBS News агенттігіне сілтеме жасап.

АҚШ-та лотерея жеңімпазы 1,3 млрд доллар ұтысын әлі алған жоқ

Ол билетті Иллинойс штатының Дес-Плейнс қаласындағы Speedway жанармай құю станциясынан сатып алған.

Бұл – АҚШ лотереясының тарихында көлемі жағынан үшінші үлкен жеке табыс және Mega Millions-тың көлемі жағынан екінші жүлде.

Лотереяның Иллинойстағы директоры Гарольд Майс: «Жеңімпаздың жүлделі болғанынан хабары бар ма, жоқ па, білмейміз» деп, бүкіл қатысушылардың өз билетін тексеріп шығуын өтінді.

Лотерея ережесіне сәйкес, Mega Millions жеңімпаздары жүлдесін ұтыс ойынынан кейін бір жыл көлемінде алуына болады.

Сондай-ақ, ақшаны алу механизмін (біржолғы немесе жыл сайынғы төлем) таңдауға 60 күн бар.

Егер жеңімпаз жүлдесін алмаса, онда осы лотереяға қатысатын әр штатқа байқау ережелеріне сәйкес ақшаның бір бөлігі қайтарылады.

Құмар ойынға 45 штат, сонымен қатар Колумбия аймағы мен АҚШ-тың Виргин аралдары қатысып отыр.

Белгісіз жеңімпаз – Mega Millions-та олжалы болған жалғыз адам емес.

Иллинойс қаласындағы бөлшек саудагерлер 3,75 млн доллар көлемінде комиссия төлемі мен билетті сатудан бонус алған.

Ал «бақытты» билетті сатқан Speedway жанармай құю станциясы 500 мың доллар көлемінде бонус алады.

Mega Millions-та 1,5 млрд доллар болған ең үлкен джекпотты 2018 жылы Оңтүстік Каролина тұрғыны жеңіп алды.

Келесі ең ірі ұтыс 2021 жылы 1 млрд доллар көлемінде болды.




Видеодан алынған кадр