АҚШ-та өлім жазасынан аман қалған әйел қайтадан түрмеге жеткізілді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-та өлім жазасына кесілген 50 жастағы Криста Пайк өлімге әкелетін инъекциядан аман қалып, ауруханадан шығарылды. Ол қайтадан түрмеге жеткізілді, деп хабарлайды BBC.

ы
Фото: katu.com

Адвокаттарының мәліметінше, Криста Пайк қыркүйек айының соңында жүзеге аспай қалған өлім жазасынан кейін ауруханада ем қабылдаған. Қазір оның жағдайы тұрақтанып, соңғы 30 жылын өткізген түрмесіне қайтарылды.

30 қыркүйекте Пайкке өлім жазасын орындау үшін пентобарбитал препараты екі рет енгізілген. Алайда ол тірі қалып, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.

Осы аптаның басында әйел есін жиып, сөйлей бастаған. Бұл жағдай медицина қызметкерлерін, сарапшылар мен адвокаттарын таңғалдырған.

Қорғаушыларының айтуынша, есін жиған кезде оның алғашқы сөздері «Мен қайдамын?» және «Сіз кімсіз?» деген сұрақтар болған.

– Ол осындай төтенше жағдайда өзіне қамқорлық көрсеткен шұғыл қызмет мамандары мен медицина қызметкерлеріне алғысын білдіреді, – делінген адвокаттарының мәлімдемесінде.

Криста Пайктің оқиғасы бұрын-соңды болмаған жағдай ретінде бағаланып отыр. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, ол өлімге әкелетін инъекция арқылы жазалау әрекетінен аман қалған жалғыз белгілі адам саналады.

Сәрсенбі күні өткен сот отырысында Теннесси штаты бас прокурорының көмекшісі Уилл Эйерс Криста Пайкке қатысты өлім жазасының жаңа күні белгіленетіні әзірге белгісіз екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар судья Теннесси штатының билігіне жүзеге аспай қалған өлім жазасына қатысты барлық дәлелдемені сақтауды міндеттеді. Бұл материалдар алдағы уақытта штатқа қарсы сот ісін қозғауға негіз болуы мүмкін.

Криста Пайк 18 жасында ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған. Ол сол кездегі жігіті Тадарил Шиппен бірге 19 жастағы Коллин Слеммерді ұрып-соғып, азаптап өлтірген.

Олар тұрмысы төмен отбасылардан шыққан жастарға арналған оқу орталығында танысқан.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп соңғы 60 жылда алғаш рет әскери қызметкерге қатысты өлім жазасын орындауды мақұлдаған болатын.