АҚШ-та сотталған Қазақстан азаматы А.Тәжаяқов 11 айдан кейін бостандыққа шығуы мүмкін - ҚР СІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-та сотталған Қазақстан азаматы Азамат Тәжаяқов 11 айдан кейін бостандыққа шығуы мүмкін. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.

АҚШ-та сотталған Қазақстан азаматы А.Тәжаяқов 11 айдан кейін бостандыққа шығуы мүмкін - ҚР СІМ

«Азамат Тәжаяқовқа қатысты сот шешімі 5 маусым күні шығарылды. Судья оны тергеуге кедергі келтіру мен сөз байласуға кінәлі деп тапты. Осылайша, ол 42 айға бас бостандығынан айырылды. Ол 42 айдың қазіргі уақытта 25 айын тергеу процессі мен сот қарауы барысында абақтыда өткізді. Демек, оған енді 17 ай түрмеде отыру қажет. Бас бостандығынан айыру орнында өзін үлгілі көрсеткен жағдайда сотты болудың қалған мерзімінің 15 пайызы қысқаруы мүмкін. Бұл шамамен 6 айға тең. Алдын ала есептеулерге сәйкес, Азаматқа енді шамамен 11 ай бас бостандығынан айыру мекемесінде болуы керек», - деді ол.

Оның атап өтуінше, сот қарауы аясындағы прокуратура талап еткен 250 мың доллар көлемінде қаржылық жаза бастапқыда 50 мың долларға дейін төмендетілген. Сот шешімі барысында судья 200 доллар көлемінде айыппұлға тоқтады.

А.Әбибуллаевтың сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта А.Тәжаяқовтың ата-анасы мен адвокаттары таңдау алдында тұр. Егер олар сот шешіміне шағым беретін болса, онда шағымды АҚШ-та қарау мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейінгі аралықты құрайды. Яғни, Азаматтың мерзімінен бұрын босап шығу мүмкін екендігін ескерер болсақ, оның еш мәні жоқ. Дегенмен, шағым барысында іс өндіріске қайта алынып, А.Тәжаяқовтың кінәсіздігі анықталатын болса, онда ол АҚШ-тағы оқуын жалғастыру мүмкіндігіне ие болады.