АҚШ-та сотталған Тәжаяқов пен Қадырбаевты Қазақстанға қайтарудың заңдық негізі қалыптасуы мүмкін - Ж. Асанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ соты жазаға кескен қазақстандық Азамат Тәжаяқов пен Дияс Қадырбаевты елімізге экстрадициялау үшін заңдық негіздер қалыптасуы мүмкін.
Бұл туралы бүгін Мәжілісте журналистерге берген сұхбатында ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов мәлімдеді. Еске сала кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қылмыстық істер бойынша өзара көмек туралы америкааралық конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдаған болатын.
«Қылмыстық сот өндірісі саласында америкааралық үш конвенция бар. Соның бірінші конвенциясын біз бүгін Мәжіліске ұсындық, ол қылмыстық істерде өзара көмектер көрсетуге бағытталады. Дегенмен, бұдан бөлек, сотталған қылмыскерлерді өзара беру туралы тағы екі конвенция бар. Соған орай, біз келесі сессия барысында (Парламенттің келесі сессиясы-автор), яғни қыркүйек айында дәл сол сотталғандарды өзара беру туралы Конвенцияны талқылайтын боламыз», - деді Жақып Асанов.
Бас прокурор орынбасары журналистер сұрағына жауап бере келе, Парламент аталған конвенцияны қабылдап, Президент қол қоюы арқылы күшіне енгізсе, онда АҚШ соты жазаға кескен қазақстандық студенттерді ары қарайғы жазасын елімізде өтеуі үшін экстрадициялауға заңнамалық мүмкіндік туатынын жеткізді.
«Әрине, ең алдымен бұған сол сотталушылардың өздерінің келісімі және америкалық тараптың келісімі қажет болады», - деп түсіндірді Жақып Асанов.
Еске сала кетсек, 2015 жылғы маусым айында қазақстандық екі студент Азамат Тәжаяқов пен Дияс Қадырбаевты АҚШ соты Бостондағы террористік актіні тергеу барысында америкалық әділсот жүйесіне кедергі келтіргені үшін жазаға кескен болатын. Осыған орай, А.Тәжаяқов 3,5 жылға, Д. Қадырбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын америкалық түрмеде өтеуде.