АҚШ-та табылған мәйіт Қазақстан азаматы болуы мүмкін – СІМ мәлімдемесі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың құзырлы органдарынан денесі табылған адамның болжам бойынша Қазақстан азаматы екені туралы ақпарат алғанын хабарлады.
Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Ерлан Жетібаев брифинг барысында мәлім етті.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта америкалық тарап марқұмның жеке басын анықтау және оқиғаның барлық мән-жайын нақтылау бойынша қажетті рәсімдерді жүргізіп жатыр.
– Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың құзырлы органдарынан денесі табылған адамның болжам бойынша Қазақстан азаматы екені жөнінде ақпарат алды. Қазіргі кезде АҚШ тарапы тиісті тексеру және анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың құзырлы органдарымен және азаматтың туыстарымен тұрақты байланыста. Оларға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр, – деді Ерлан Жетібаев.
Сондай-ақ ол америкалық тараптан ресми мәліметтер келіп түскенде қосымша ақпарат жарияланатынын айтты.
Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ел азаматының АҚШ-та жоғалып кеткені туралы ақпаратқа түсініктеме берген еді.