АҚШ-та торнадо кезінде 7 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Бейсенбі күні Теннесси, Миссури және Индиана штаттарында оңтүстік пен орта батысты шарпыған 30-дан астам торнадо, онымен бірге бұршақ пен қатты жаңбырдан кейін 7 адам қаза тапты, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Штаттары қазірдің өзінде су басқан көшелер мен электр желілерінің үзілуіне тап болды. Орта Батыс пен Оңтүстіктегі қалалар мен округтер алдағы күндері болжанған қатты су тасқынына дайындық жұмыстарын күшейтіп жатыр, деп хабарлайды The New York Times.
Армияның инженерлік корпусының мәлімдеуінше, Миссури штатындағы Полар-Блафф қаласы маңындағы бөгетті нығайту үшін шамамен 1 500 қап құм толтырылған. Демалыс күндері ондағы Блэк өзеніндегі су рекордтық деңгейге жетеді деп болжанып отыр.
Индиана штатының губернаторы Майк Браун дауылдан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Ұлттық гвардияны жұмылдыратынын мәлімдеді.
Ұлттық метеорологиялық қызметінің мәлімдеуінше, демалыс күндері 10-15 дюйм (254 мм-ден 381 мм-ге дейін) жаңбыр жаууы мүмкін. Ең қатты жаңбыр Арканзас пен Теннессиде болады деп болжанған.
Теннесси штатында дауыл 5 адамның өмірін қиды. Индианада 27 жастағы ер адам пикап көлігі электр сымдарына соғылуынан қаза болды. Миссуриде өрт сөндіру бөлімінің бастығы қаза тапты. Ұлттық метеорологиялық қызмет бейсенбі күні аймақта кем дегенде 33 торнадо соққанын растады.
Бұған дейін Ұлы көлдер аймағында 900 мың адам жарықсыз қалғанын жазған болатынбыз.