АҚШ-та Трамптың суреті бар 250 долларлық купюра шығару ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Каролинадан республикашыл конгрессмен Джо Уилсон АҚШ президенті Дональд Трамптың суреті бар 250 долларлық купюраны шығаруды ұсынды. Бұл туралы Axios хабарлады.

АҚШ-та Трамптың суреті бар 250 долларлық купюраны шығару ұсынылды
Фото: Джо Уилсон жариялаған сурет/Wellnews

– Байденфляция экономиканы жойып, америкалық отбасыларды көбірек қолма-қол ақшамен жүруге мәжбүр етті, – деп түсіндірді конгрессмен өз бастамасын.

Уилсон бұл банкнотта Трамптың портреті бейнеленуінің себебі ретінде «ең қымбат банкнот ең құнды президент үшін» деген қағиданы алға тартты.

Бұған дейін кейбір конгресмендер Дональд Трамптың туған күнін ұлттық мереке деп жариялап, оған үшінші рет президенттік сайлауға түсуге рұқсат беруді ұсынған.

Алайда конгрессмен Уилсонның ұсынысы заңсыз. 1866 жылы АҚШ Конгресі қабылдаған заңға сәйкес, ақшалар мен тиындарға тірі адамдардың суретін салуға тыйым салынды. Бірақ Трамптың жақтастары қазір Конгресстің екі палатасында да көпшілікке ие, бұл ереже теориялық тұрғыдан жойылуы да мүмкін дегенді білдіреді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта АҚШ-та қолданылып жүрген ең үлкен купюра 100 доллар. Елде бұрын 10 000 және 100 000 долларлық банкноттар шығарылған. Олар қазір іс жүзінде жойылды, бірақ банкаралық операциялар үшін немесе инкассация мақсатында сақталады.

Айта кетейік, АҚШ конгресмені Даллес әуежайының атауын Трамптың атымен атауды ұсынған болатын.

Соңғы жаңалықтар