АҚШ-та тұтқындалған украиндық жаттықтырушы өзін-өзі өлтірді
АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат - АҚШ-та кәмелетке толмағанды зорлады деген күдікпен тұтқындалған украиналық хоккей командасының жаттықтырушы Иван Правилов Филадельфия түрмесінен өлі табылды.
Би-Би-Си-дің хабарлауынша, украин азаматының денесі жұма күні жергілікті уақыт бойынша шамамен 15:00-де табылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, И.Правилов өзін өзі өлтірген. Украиндық жаттықтырушы өлімінің нақты себебі денесін ашудан кейін белгілі болады.
48 жастағы И.Правилов өзінің Филадельфияда (Пенсильвания штаты) құрған жасөспірімдерге арналған хоккей мектебіне жетекшілік еткен. Жаттықтырушы биылғы жылдың қаңтар айында ұсталды. Оған өз мектебінің 14 жасар тәрбиеленушісіне қатысты сексуалдық сипаттағы әрекет жасауда айыптаулар тағылды.
Тергеу мәліметтері бойынша, оқиға осы жылдың 3 қаңтарында болды. И.Правилов сабақтан кейін екі 14 жасар ұлды өз үйіне апарады. Біреуіне сексуалдық сипаттағы әрекет жасап, куәгер болған екіншісін өлтіем деп қорқытқан.
И.Правилов өз кінәсін мойындаған жоқ.
2007 жылға дейін И.Правилов Украинаның «Достық-78» жастар хоккей командасының жаттықтырушысы болған. Кейіннен ол Филадельфияға көшіп, онда жасөспірімдерге арналған хоккей мектебін ашты.