АҚШ-та үш ай бойы қамауда болған 13 жасар қыз қашып шығып, көмек сұрады
Джейми Клосс ата-анасымен бірге Бэррон қаласында тұратын. Үш ай бұрын белгісіз біреулер отбасына шабуыл жасап, Джеймидің ата-анасын өлтіріп, өзін алып кеткен еді. Осы бейсенбіде Джейми қарақшылардың бұғауынан қашып шықты, деп хабарлады жергілікті полиция. Бэррон аумағының шерифі жасөспірімді атышулы қылмыстың бетін ашқан нағыз батыр деп атады.
«Қылмыскер Джеймиді үйінде қамап ұстады. Соған қарамастан батыр қыз қашып шығып, көмек сұрады. Біздің ойымызша, күдікті шабуыл жасағанға дейін бұл отбасымен қарым-қатынаста болмаған. Оның жалғыз мақсаты - Джеймиді қолға түсіру болған. Күдікті шабуылды жоспарлап, қолға түспес үшін бәрін ойластырып қойған»,-дейді шериф.
Джейми Клосс берген түсініктеме нәтижесінде Гордон қаласының тұрғыны Джейк Паттерсон атты азамат ұсталды. Бұл қала Бэрроннан жүздеген шақырым қашықтықта орналасқан.
Клосс отбасына жасалған шабуыл жөнінде 15 қазанда, ерлі-зайыптылардың денесі табылған соң белгілі болды. Ал кішкентай Джеймиді жүздеген ерікті мен полицейлер іздеп, таба алмаған еді.