АҚШ-та жалған доллар жасады деген күдікпен тұтқындалған қазақстандық студенттердің ісі бойынша сот тыңдауы ертең өтеді - ҚР СІМ
АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - АҚШ-та жалған доллар жасады деген күдікпен тұтқындалған қазақстандық екі студенттің ісі бойынша келесі сот тыңдауы Массачусетс штатында шілденің 21-і күні өтеді.
Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айт кетейік, қарағандылық екі студент - 19 жастағы Әлібек Тайлақов пен 21 жастағы Александр Кустовский АҚШ-қа «Work and Travel». бағдарламасы бойынша оқуға барған. Жалған доллар жасаумен шұғылданған оларды мұндай қылмысы үшін жалға алған пәтерлерінде Массачусетс штатының Чатем қаласының тәртіп сақшылары ұстаған. Тінту кезінде олардың жалдап тұрған пәтерлерінен жалған доллар дайындауға арналған техникалар табылған.