АҚШ-тағы аралық сайлау: Трамп билігіне қандай қауіп төніп тұр
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тағы аралық сайлау Дональд Трамптың биліктегі жағдайына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Егер республикашылдар Конгрестің бір немесе екі палатасындағы бақылауынан айырылса, президентке өз саясатын жүзеге асыру қиындай түседі. Ал демократтардың президент әкімшілігінің қызметіне қатысты тергеу жүргізу мүмкіндігі кеңейеді. Бұл сайлаудың нәтижесі АҚШ үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін неліктен маңызды екенін Kazinform агенттігінің халықаралық сарапшысы Сұлтан Әкімбеков талдап көрді.
Бұл сайлау Трамп пен бүкіл әлем үшін неге маңызды
АҚШ-тағы аралық сайлау — елдің саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Ол президент сайлауынан кейінгі екінші жылдың қараша айында өтеді. Сайлау нәтижесі президенттің өкілеттік мерзімінің қалған екі жылында өз саясатын қаншалықты еркін жүргізе алатынына тікелей әсер етеді. Егер Конгрестің екі палатасы — Өкілдер палатасы мен Сенат қарсылас партияның бақылауына өтсе, президенттің мүмкіндіктері шектеледі. Мәселен, маңызды федералдық қызметтерге өз кандидаттарын тағайындау немесе қажетті заңдарды қабылдату қиындайды. Ал президент екінші, яғни соңғы мерзімін атқарып отырса, оның саяси ықпалы одан әрі әлсіреуі мүмкін. АҚШ саясатында мұндай жағдайды «ақсақ үйрек» деп атайды. Әсіресе аралық сайлауда президенттің партиясы жеңіліске ұшыраса, оның биліктегі салмағы айтарлықтай төмендейді.
Биылғы сайлаудың маңызы Дональд Трамп, оның саяси қарсыластары мен америкалықтар үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін де ерекше. Өйткені дауыс беру нәтижесі АҚШ-тың алдағы екі жылда түрлі мәселелер бойынша қандай саясат ұстанатынын айқындауы мүмкін. Соңғы екі жылда Трамп әлемдегі ең ықпалды мемлекетті басқарып отырған, әрекетін алдын ала болжау қиын саясаткер екенін көрсетті. Ол АҚШ-тың зор мүмкіндіктерін әртүрлі деңгейде тиімді пайдаланғанымен, өз бастамаларын жүзеге асыруға бар күшін салып келеді. Ал оның саясаты мен шешімдері халықаралық қатынастардағы тұрақсыздықты күшейтіп, көптеген елді алаңдатып отыр.
Бұл сайлаудың нәтижесі әлемнің көптеген елінің саяси және экономикалық мүдделеріне ықпал етуі мүмкін. Бірақ мәселе мұнымен шектелмейді. Қазір АҚШ-тағы саяси тартыстың өзі әлем жұртшылығының назарын аударып отыр. Өйткені елдегі аралық сайлаудың нәтижесі дәл биылғыдай үлкен маңызға ие болмағанына көп уақыт өтті.
Бұл жолғы басты мәселе — Өкілдер палатасы мен Сенаттың қай партияның бақылауында қалатыны. Сайлауға дейін екі палатада да республикашылдар басымдыққа ие болды. Соның арқасында Трамп өз саясатын жүзеге асыруға қолайлы мүмкіндік алды. 3 қарашада америкалықтар Өкілдер палатасының барлық мүшесін, 100 сенатордың 35-ін, 39 штаттың губернаторын, сондай-ақ жергілікті заң шығарушы және атқарушы билік органдарының өкілдерін сайлайды.
Сенаттағы орындар үшін тартыс күшейді
Биылғы сайлауда Сенаттағы көпшілік орынға қай партия ие болатыны күтпеген жерден басты мәселеге айналды. Бастапқыда Трамптың ел ішіндегі танымалдығының төмендеуі республикашылдардың Өкілдер палатасындағы басымдығынан айырылуына әкелуі мүмкін деген болжам жасалған. Ал Сенаттағы жағдай өзгереді деп ешкім күтпеген еді. Өйткені президенттің қызметін қолдайтындар үлесі қазір небәрі 33 пайызды құрайды. Бұл — рекордтық төмен көрсеткіш. Оның үстіне биыл Сенат құрамының үштен бірі ғана жаңарады. Атап айтқанда, 33 сенатордың өкілеттік мерзімі аяқталады, тағы екі бос орынға сайлау өтеді. Мәселен, қазіргі мемлекеттік хатшы Марко Рубио Флорида штатынан сайланған сенатор қызметінен кеткен болатын.
Енді Сенаттағы басымдықтың кімге бұйыратыны да белгісіз болып отыр. Тіпті республикашылдар бұрын үнемі жеңіске жетіп келген штаттарда да сенаторлық орындарынан айырылып қалуы мүмкін.
Мәселен, дәстүрлі түрде республикашылдарды қолдайтын Техас штатында да жағдай өзгеруі ықтимал. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, демократ Джеймс Талариконы сайлаушылардың 51 пайызы қолдаса, оның республикашыл қарсыласы Кен Пакстонның көрсеткіші 45 пайызды құрайды. Республикашылдар басымдыққа ие болып келген Аляскада демократ Мэри Пелтола 50 пайыз қолдаумен алда келеді. Ал қазіргі сенатор Дэн Салливанды сайлаушылардың 43 пайызы қолдайды. Огайо штатында да демократ Шеррод Браунның мүмкіндігі жоғары. Оны сайлаушылардың 49 пайызы қолдаса, қазіргі сенатор Джон Хастедтің көрсеткіші 46 пайызға жеткен. Айова мен Канзас штаттарында демократтар мен республикашылдардың мүмкіндігі шамалас. Бұл да бұрынғы сайлаулармен салыстырғанда ерекше жағдай.
АҚШ Сенатының құрамын жасақтауда бір маңызды ерекшелік бар. Әр штат халқының саны мен жер көлеміне қарамастан, Сенатқа екі өкілден сайлайды. Сондықтан демократтарды тұрақты қолдайтын, халқы көп Нью-Йорк пен Калифорния штаттарының Сенаттағы өкілдер саны республикашылдарға көбірек дауыс беретін Оңтүстік Дакота немесе Айова сияқты шағын штаттармен бірдей. Осы ерекшелік Сенаттағы саяси күштердің арақатынасына тікелей әсер етеді.
Сондықтан Сенат сайлауының нәтижесі екі партияның да жеңіске жету мүмкіндігі бар штаттардағы дауыс беруге байланысты. Биыл олардың қатарында бұрыннан республикашылдарды қолдап келген штаттар да аз емес. Сенаторлар сайланатын 12-13 штатта тартыс қызу жүріп жатыр. Сол себепті сайлаудан кейін Сенаттағы күштердің арақатынасы қандай болатынын болжау қиын. Кейбір болжамдарға сәйкес, демократтар Сенаттағы 51 орынға, ал республикашылдар 49 орынға ие болуы мүмкін. Егер екі партия да 50 орыннан алса, шешуші дауыс вице-президент Джей Ди Вэнске тиесілі болады. Мұндай нәтиже Трамп үшін қолайлы.
Конгрестегі жеңіліс Трампқа қалай әсер етуі мүмкін
Трамп үшін Сенаттағы басымдықты сақтап қалу аса маңызды. Әсіресе республикашылдар Өкілдер палатасындағы бақылауынан айырылған жағдайда Сенаттың маңызы арта түседі. Ал Конгрестің екі палатасы да демократтардың қолына өтсе, президенттің жағдайы едәуір қиындайды. Трамптың өзі бұған дейін демократтар оған қарсы импичмент рәсімін бастауы мүмкін екенін айтқан.
Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде демократтар оған екі рет импичмент жариялауға әрекет жасады. Бірақ екі жағдайда да оны қызметінен кетіре алмады. Мұның себебі АҚШ-тағы импичмент рәсімінің ерекшелігіне байланысты. Өкілдер палатасында импичмент жариялау үшін депутаттардың жай көпшілік дауысы жеткілікті. Ал істі қарайтын Сенатта президентті кінәлі деп танып, қызметінен босату үшін сенаторлардың кемінде үштен екісінің қолдауы қажет.
Әдеттегі саяси жағдайда мұнша дауыс жинау өте қиын. Ол үшін елде қандай да бір төтенше жағдай немесе аса ірі саяси оқиға болуы керек. Сондықтан Трамптың импичмент арқылы қызметінен кету қаупі аса жоғары емес. Бірақ президент үшін негізгі мәселе мұнда емес. Өйткені Өкілдер палатасы импичмент мәселесін дауысқа салмас бұрын президенттің қызметіне қатысты тергеу жүргізілуі мүмкін. Оны палатаның заң мәселелері жөніндегі комитеті немесе арнайы құрылған комиссия жүргізеді.
Әрине, мұндай жағдай Трамп үшін тиімсіз. Себебі Конгресс комиссиясы оның әкімшілігіндегі кез келген лауазымды тұлғаны, президентпен байланысы бар адамдарды және басқа да азаматтарды жауап беруге шақыра алады. Тергеудің ықтимал бағыттарының бірі — инсайдерлік ақпаратты пайдаланып сауда жасау. АҚШ-та бұл өте ауыр айып саналады. Мұндай заңбұзушылық лауазымды адамның қызметтік жағдайын пайдаланып, көпшілікке әлі жарияланбаған маңызды ақпаратты алдын ала алуы және сол арқылы қаржылық пайда табуымен байланысты.
Трампқа қарсы қандай тергеулер жүргізілуі мүмкін
Бұл мәселеге қатысты Трампқа қойылатын сұрақ аз болмауы мүмкін. Олар президенттің өз криптовалютасының саудасынан бастап, Уолл-стрит банкирлері мен биржа трейдерлеріне Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбаларын өзгелерден бұрын ақылы түрде көруге мүмкіндік беруіне дейінгі әрекеттерді қамтиды.
Мәселен, биыл жазда осы мәселеге байланысты Трамптың үстінен сотқа талап арыз түсті. Онда трейдерлердің президент жазбаларын алдын ала көру мүмкіндігі үшін 100 мың доллар төлеуі қор нарығындағы саудада оларға артықшылық беретіні айтылған. Талап арызда мұндай ақпарат инсайдерлік ақпарат ретінде қарастырылуы мүмкін екені көрсетілген.
Сонымен қатар Трамп президенттің жазбаларын алдын ала көру қызметін ұсынатын Truth API компаниясының 41 пайыз акциясына иелік етеді. Рас, бұл акциялар оның тікелей меншігінде емес. Олар ұлы кіші Дональд Трамп басқаратын, шарттары өзгертілуі немесе күші жойылуы мүмкін траст арқылы рәсімделген. Соған қарамастан, бұл жағдай инсайдерлік ақпаратты пайдалануға қатысты тергеу бастауға теориялық тұрғыдан негіз бола алады.
Сондықтан демократтар Өкілдер палатасындағы басымдыққа ие болса, мұндай мүмкіндікті пайдаланып, Трамптың қызметіне қатысты тергеу бастауы әбден ықтимал.
Сондықтан 3 қарашадағы сайлаудың нәтижесі Трампты алаңдатпай қоймайды. Трамп импичмент рәсімі Сенатта қолдау таппайды деп есептеуі мүмкін. Бірақ инсайдерлік ақпаратты пайдалануға қатысты тергеудің өзі президенттік мерзімінің қалған екі жылын айтарлықтай қиындатуы мүмкін.
Сайлауалды тартыс: қомақты қаржы мен саяси қысым
Сондықтан Трамп пен оның командасы сайлау нәтижесіне ықпал ету үшін бар күшін салып жатыр. Мәселен, республикашылдар сайлау науқанына демократтарға қарағанда көбірек қаржы жұмсауда. Илон Масктың өзі республикашылдардың сайлау науқанына 336 миллион доллар бөлген. Бірақ мұндай қомақты қаржының өзі барлық жерде нәтиже беріп жатқан жоқ. Мәселен, Техас штатында демократиялық партияның кандидаты Джеймс Таларико сауалнамаларда айқын басымдыққа ие.
Бұл жағдай Трамп пен республикашылдарды алаңдатып отырғанға ұқсайды. Олар дәстүрлі құндылықтарды алға тартып, қарсыластарына саяси қысым көрсетуге тырысып жатыр. Мәселен, Техастағы ереуілде бір қатысушы вице-президент Джей Ди Вэнске өзін жақсы көретінін айтқан. Оған Вэнс әзілмен жауап берді.
— Мен де сізді жақсы көремін, мырза. Бірақ мұны тек достық сезім деп түсініңіз. Мен вице-президентпін, Джеймс Таларико емеспін, — деді ол.
Ал Трамп Талариконың веган екенін атап өтті. Ет тағамдарын ерекше жақсы көретін техастықтар үшін мұндай мәлімдеме демократ кандидатқа деген көзқарасқа кері әсер етуі мүмкін деген есеп болса керек.
Дегенмен мұның бәрі саяси тартыстың жеңіл түрі ғана. Демократиялық партияның өзге бірнеше кандидатына бұдан әлдеқайда салмақты қысым жасалып жатыр.
Мәселен, 12 қазанда Вашингтонда полиция Миннесота штатынан сайланған Өкілдер палатасының мүшесі Ильхан Омардың үйін тінтті. Ол биылғы сайлауда қайтадан депутаттыққа үміткер. Омарға көші-қон құжаттарына қатысты алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр. Оның отбасы 35 жыл бұрын Сомалиден АҚШ-қа қоныс аударған. Тергеу өкілдері депутаттың Америка азаматтығын алу кезінде заңбұзушылықтарға жол берілуі мүмкін деп есептейді.
Мұндай заңбұзушылықтың шынымен орын алуы да мүмкін. Өйткені тінту соттың рұқсатымен жүргізілген. Бірақ демократтарды алаңдатып отырған мәселе басқа. Олар Омар қатысатын сайлауға санаулы апта қалғанда үйін тінтіп, құжаттарын тәркілеуді кездейсоқтық деп санамайды. Ал Трамп бұл істің Әділет министрлігінің құзыретіне жататынын айтты. Сонымен бірге Омарды жеке өзі «өте жағымсыз адам» деп есептейтінін жасырған жоқ.
Тағы бір саяси тартыс Мичиган штатында жүріп жатыр. Мұнда демократтар атынан Сенатқа Абдулла әл-Сайед үміткер болса, республикашылдар Майк Роджерсті қолдап отыр. Трамп та Роджерстің жағында. Ол әл-Сайедті бірнеше рет «радикал экстремист» және «жиһадшы» деп атаған. Сондай-ақ оның есімін әдейі Мұхаммед деп атап жүр. Бұл әрекеті қоғамда қызу пікірталас туғызды.
Соған қарамастан, Трамптың қолдауы мен сайлау науқанына жұмсалған қаржы республикашыл кандидатқа әзірге басымдық әкелген жоқ. Сауалнама нәтижесі бойынша, әл-Сайедті сайлаушылардың 45,6 пайызы, ал Роджерсті 41,4 пайызы қолдайды.
Мичиганның тағы бір ерекшелігі бар. Бұл штатта АҚШ-тағы ең үлкен араб қауымдастығы тұрады. Штаттың 10 миллион тұрғынының 400 мыңға жуығы — араб текті азаматтар. Олар сайлаушылардың шамамен 3,5 пайызын құрайды. Ал саяси белсенді азаматтарды ғана есепке алып, араб қауымдастығының өкілдері сайлауға түгел қатысқан жағдайда, олардың үлесі дауыс бергендердің 6-7 пайызына дейін жетуі мүмкін.
Дегенмен мұның өзі штаттағы сайлау нәтижесін шешуге жеткіліксіз. Өйткені Мичиган халқының басым бөлігін, шамамен 70 пайызын ақ нәсілді америкалықтар құрайды.
әл-Сайед сайлауалды бағдарламасын солшыл либералдық көзқарастарға негіздеп, оған популистік сипаттағы уәделерді де енгізген. Ол Трампты, Маскты және АҚШ-тағы ауқатты топтарды ашық сынайды. Ал сайлауалды бағдарламасындағы басты бағыттардың бірі — халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру.
2026 жылдың тамызында әл-Сайед Демократиялық партияның ішкі сайлауында Өкілдер палатасының мүшесі, байыпты саяси ұстанымымен танылған Хейли Стивенсті жеңіп шықты.
Қымбатшылық пен наразылық сайлау нәтижесін өзгерте ме
Бұл жағдай АҚШ пен Еуропаның бірқатар елінде соңғы уақытта байқалып отырған саяси өзгерістерді көрсетеді. Әсіре оңшыл қозғалыстардың күшеюіне жауап ретінде әсіре солшыл саяси күштердің де ықпалы артып келеді. Ал оңшылдар мен солшылдардың арасындағы қалыпты бағытты ұстанатын саясаткерлер радикалды көзқарастағы әріптестеріне жол беруге мәжбүр. Соның салдарынан саяси орталықтың ықпалы әлсіреп, оның өкілдеріне бұрынғыдай икемді саясат жүргізу қиындай түсті.
Осындай жағдайда Трамп бұрыннан қолданып жүрген саяси тәсілдеріне сүйенуге тырысып отыр. Ол өз жақтастарын жұмылдырып, сайлауға белсенді қатысуға шақырады. Бірақ қарсыластарын өткір сынау бұрынғыдай жеткілікті нәтиже бермеуі мүмкін.
Өйткені америкалық сайлаушыларды қазір күнделікті тұрмысқа тікелей әсер ететін мәселелер көбірек алаңдатады. Әсіресе өмір сүру құнының қымбаттауы мен жанармай бағасының өсуі халықтың наразылығын күшейтіп отыр. Мұндай мәселелерді саяси қарсыластарға бағытталған өткір мәлімдемелермен тасада қалдыру қиын.
Бұған қоса, америкалықтардың Иранмен соғысқа және Канадамен арадағы шиеленіске де көңілі толмайды. Әсіресе Канадамен шекаралас орналасқан Мичиган штаты үшін көрші елмен қарым-қатынас маңызды.
Жалпы, Трамп әлі де өзін қандай жағдайда да қолдайтын тұрақты сайлаушыларына үміт артып отыр. Бірақ ол 2024 жылғы қарашада өткен президент сайлауының нәтижесіне шешуші ықпал еткен қалыпты көзқарастағы сайлаушылардың қолдауынан айырылып барады.
Бұрын республикашыл кандидаттар үшін Трамптың қолдауы үлкен артықшылық саналатын. Ал қазір Трамптың қолдауы республикашыл кандидаттарға артықшылық берудің орнына, сайлауда жеңіске жетуіне кедергі келтіруі мүмкін.
Сондықтан аралық сайлаудан кейін Трамп пен Республикалық партияның қарым-қатынасы қалай өрбитіні де белгісіз. Егер республикашылдар Өкілдер палатасы мен Сенаттағы басымдығынан бірдей айырылса, келесі сайлау науқанына мүлде басқа саяси жағдайда дайындалуға тура келеді. Өйткені ол кезде Трамптың бұрынғы ықпалы әлсіреп, өзіне қатысты жауап күткен мәселелер көбейе түсуі мүмкін.