АҚШ-тағы ең ірі денсаулық сақтау компаниясының бас директоры өлтірілді

АСТАНА. KAZINFORM – UnitedHealthcare жеке медициналық сақтандыру компаниясының бас директоры Брайан Томпсон сәрсенбі күні компания инвесторлар күнін өткізіп жатқан Манхэттенде атып өлтірілді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі CNBC-ке сілтеме жасап. 

АҚШ-тағы ең ірі денсаулық сақтау компаниясының бас директоры өлтірілді
Фото: gephardtdaily.com

Нью-Йорк полициясының мәліметінше, бұл «алдын ала ойластырылған, жоспарланған, мақсатты шабуыл» болды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

50 жастағы Брайан Томпсонға шабуыл таңертең «Hilton» қонақүйінің алдында жасалды. Сол кезде ол «UnitedHealth Group» инвесторына бара жатқан.

Полицейлер оқиға орнына таңғы сағат 6:48-де келіп, Томпсонның денесін жаяу жүргіншілер жолынан анықтады. Ол арқасы мен аяғынан оқ жарақатын алған.

Жедел медициналық қызметтер жәбірленушіні Рузвельт ауруханасына жеткізді, ол жерде таңғы сағат 7:12-де қайтыс болды.

Бейнебақылау камерасының жазбасына сәйкес, күдікті ер адам қонақүйге Брайан Томпсон келгенге дейін шамамен бес минут бұрын келіп, жәбірленушіні жаяу жүргінші жолағында күтіп, артынан жақындап, бірнеше рет оқ атқан. Алғашқы оқ атылғаннан кейін, күдікті қайтадан атпай тұрып, тапанша істен шыққан деп шамаланып отыр. Содан кейін күдікті тұйық көшемен жаяу қашып, электрвелосипедке мініп, Орталық саябаққа қарай бет алды.

Шабуыл жасаған адам капюшоны бар күртеше, қара-ақ кроссовка және сұр рюкзак киген және бетінде қара бетперде болған. Полицейлер қылмыс орнында 9 мм үш патрон мен үш 9 мм үш гильза, сондай-ақ ұялы телефон тапты. Шабуылшы дыбыс өшіргішті пайдаланған деген болжам бар, өйткені хот-дог сатушысы мен швейцар сол күні таңертең ешқандай атыс естімегенін хабарлады.

Қалалық құқық қорғау органдары қылмыскер туралы ақпарат үшін сыйақыны 10 мың долларға дейін арттырды.

Марқұмның артында әйелі мен екі баласы қалды. Әйелі күйеуінің қоқан-лоққы алғанын, бірақ оның егжей-тегжейлерін білмейтінін атап өтті.

Томпсон United Health компаниясында 20 жылдан астам жұмыс істеді, ол компанияға 2004 жылдың сәуірінде қосылды. Ол «UnitedHealthcare» бас директоры қызметіне 2021 жылдың сәуірінде кірісті.

Соңғы жаңалықтар