АҚШ-тағы фестивальде жүлде алған фильм Астанада көрсетілді

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Шектеусіз үміт» атты деректі фильмнің ресми таныстырылымы өтті. АҚШ-та жүлде алған туындыны алғашқылардың бірі болып тамашалағандардың ішінде Kazinform тілшісі де бар.

фильм
Фото: Есімжан Нақтыбай/Kazinform

«Бұл бала емделу үшін өмір сүрмесін. Өмір сүру үшін емделмесін де! Өмірі емделумен өтпесін». Деректі фильм кадр сыртындағы осындай сөздерден басталады. Серттің иесі — церебралды сал болып туған, биыл ғана 17 жасқа толған шымкенттік бозбаланың әкесі. 30 минуттық шағын туындының өне бойы осындай кесек сөздерге, эмоция мен шынайы әңгімеге құрылған. Балажандылық деген құр өбектеу мен эмоция ғана емес, нақты әрекет, мөлшермен берілген қамқорлық, мөлшерге сыймайтын махаббат екенін туындыдағы 5 кейіпкердің өмірі нанымды жеткізеді.

Осындай шынайылығы бағаланса керек, АҚШ-тың Калифорния штатында өткен қысқа метражды деректі фильмдер конкурсында екі бірдей аталым бойынша жеңімпаз атаныпты. Бірі — «Үздік деректі қысқа метражды фильм», екіншісі — Балалар мүгедектігі мәселесін баяндайтын үздік фильм».

Елордадағы «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығында өткен таныстырылымға негізінен ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар жиналды. Ұйымдастырушылар баласымен бірге келген ата-аналарға фильмдегі эмоцияға толы сәттер балаға ауыр тиюі мүмкін екенін ескертіп, қалаған уақытта залдан шығуға болатынын алдын ала айтқан. Бірақ фильм аяқталғанша тырп еткен жан болмады. Тек арасында кейіпкермен бірге қуанып, кейіпкермен бірге күрсінген дауыстар залдың әр тұсынан естіліп қалып тұрды.

ненекн
Фото: Есімжан Нақтыбай/Kazinform

Фильмге өмірі арқау болған бес кейіпкердің бәріне ортақ екі дерек бар. Бәрі церебралды сал ауруымен күресіп келе жатқан жеткіншектер және Шымкенттегі «Шектеусіз үміт» оңалту орталығынан ем алады. Деректі туындының аты да «Шектеусіз үміт». Қызынан ерте айырылған ананың басқа бір әйелден сал боп туған қызды асырап алуы, баласының диагнозын білмеген ананың «өзге балалардай неге дұрыс тұра алмайсың» деп қол көтеруі, бетін көзден парлаған жас пен маңдайдан сорғалаған тер жапса да, жаттығуын тоқтатпаған қайсар ұлдың талпынысы, бәрі-бәрі қаз қалпында берілген.

— Церебралды сал боп туған балалардың бәрінде еркелік бар. Бірақ Бекнұрды өбектесең, қасарысып жаттығу істемей қоятыны бар. Онымен ересек адамша ғана сөйлесу керек. Мұндағы 150-ге жуық баланың бәріне осындай ерекше қатынас керек, — дейді оңалту орталығының маманы. Фильмдегі жылап жүріп жаттығатын бала осы Бекнұр.

Бес баланың бірі аспаз болуды армандаса, бірі сақшы болатынын, тағы бірі ІТ маманы болатынын айтады. Ал ата-аналардың бәрі «Балам үйлі болып, ұрпақ сүйсе» деп тебіренеді.

— Шектеусіз үміт» қорын 2019 жылы құрдық. Оңалту орталығындағы 150-ге жуық баланың ішінде өз ұлым да бар. Жасы17-де. Елімізде ерекше балаларды оқытатын арнайы мектептер бірнешеу болғанымен, өздігінен қозғала алмайтын балаларға білім беретін жалғыз мектеп осы Шымкентте. Балам сонда орта білім алып жатыр. Мектептен бос кезде орталықта ем алады. Мектеп бітірген соң жоғары білім алуға көндірдік. Иә, көндірдік. Өйткені өзіне сенімсіз болатын сәттері көп. Оның бәрін еңсеру үшін шешесі екеумізге еңсемізді түсіруге болмайды, — деп бастады әңгімесін Марат Телғозы.

Тұңғыштары сал болып туатынын білгенде дәрігерлер жас жұбайға баланы арнайы мекемеге өткізуге кеңес береді. Фильмнің басында айтылған сертті Марат ең алғаш рет сол дәрігерлерден шыққан кезде айтады. Серттің үдесінен шығу үшін достарын жинап, қор құрады. Сол қордың демеуімен оңалту орталығын ашады.

— Орталыққа барғанда әкеміздің үйіне келгендей боламыз, — дейді Сапаркүл есімді кейіпкердің анасы Жанат Бейсенова. Баласына лайықты қамқорлық көрсету үшін мейірбике мамандығын игерген ананың әңгімесі де әсерлі.

— Өзім кішігірім бизнесменмін. Өз баламның тағдыры арқылы ерекше бала тәрбиелеудің медициналық әлеуметтік жағынан бөлек психологиялық қыры бар екенін түсіндік. Ол білгенімізді өз ортамызды үнемі айтып жүреміз. Бірақ жеке таныстық арқылы ары кетсе мың адамға айтуға болатын шығар. Ал мыңдаған адамның, барша қазақстандықтардың назарын осы мәселеге аудару үшін фильм түсіру керек деген идея пайда болды. Ол идеяның авторы — досымыз, продюсер Данияр Валиулла. Қазақ тілді ортаның менталитеті сәл басқашалау. Мүгедек баламыздан ұяламыз. Қонаққа апармауға, тығып ұстауға тырысамыз. Мен мұны екінші түрме деймін. Бірінші түрме денесінің кемістігі болса, екінші түрме — отбасындағы оқшау қатынас. Құдайға шүкір, менің балам туғаннан екінші түрмеге тұтқын болып көрген жоқ. Өйткені өзіме серт бердім. Баламды ел қатарына қосу үшін ең әуелі ондай баланың бар екенін ортам білуі керек деп ойладым», — дейді «Шектеусіз үміт» қорының негізін қалаушы.

Режисер Марат Төлеуов осы туындыны түсіру арқылы өзіне жаңа әлем ашқанын айтады.

— Фильм 30 минуттық қана болғанымен түсіру оңай болған жоқ. Мен практикалық қиындықтарды айтып тұрған жоқпын. Ерекше балалардың табиғатын ашамын деп жүріп жанына жара салып алмаймын ба, ата-анасының көңіліне қаяу түсіріп қоймаймын ба» деп уайымдадым. Бәрінен де сол жағы ауыр болды, — дейді режисер.

Деректі фильм АҚШ-та топ жарғаннан кейін елде де қызығушылық артыпты. Шымкент пен Астанадан кейін Алматыда да таныстырылымы өтеді.

— Кинотеатрлар тарапынан да, халық тарапынан да қолдау бар екенін сезініп жүрміз. Ресми таныстырылымдар ғана арқылы халықтың көп бөлігіне үніміз жетпейтінін түсінеміз. Сондықтан келешекте әлеуметтік желіге де салатын шығармыз. Қазір You Tube-те жабық сілтемесі ғана бар. Фильмнің алдағы тағдырын бүкіл ұжыммен ақылдасып шешеміз, — дейді продюсер.

Соңғы жаңалықтар