АҚШ-тағы президент сайлауында Трамптың қарсыласы үміткерліктен бас тартты
Крис Кристи саясат пен қарсыласы Дональд Трамптың мінезін сынауға негізделген науқаннан қолдау таба алмады. Kazinform бұл туралы Голос Америки басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Нью-Джерсидің бұрынғы губернаторы Крис Кристи сәрсенбі күні 2024 жылғы сайлауға Республикалық партия атынан таласуды тоқтатады. Кристи мұндай шешімді саясат пен талас көшбасшысы Дональд Трамптың мінезін сынауға бағытталған науқаннан қолдау таппағаннан кейін қабылдады.
Кристи – Трамптың бұрынғы одақтасы. Қазір сынаушыға айналған ол бұрынғы президентпен өзін тең көретін жалғыз республикашыл ретінде таныстырды.
Маусымда науқан басталғаннан кейін Кристи кабельдік жаңалықтар шоуына жиі қатысып, Трампты бұл қызметке лайық емес деп сынап, 2021 жылғы 6 қаңтарда Капитолийге жасалған шабуылдың моральдық жауапкершілігі соның мойнында екенін айтып жүрді.
Ол кетсе – Трамптың ең шулы антагонисі жарыс жолынан шықты деген сөз. Десе де, Оңтүстік Каролинаның бұрынғы губернаторы және БҰҰ жанындағы АҚШ-тың бұрынғы тұрақты өкілі кейінгі айларда Трампқа жиірек сыни қарап жүр.
Кристи экс-президенттің мойнына ілінген төрт қылмыстық істі ескере отырып, бірнеше рет Трамп жалпыхалықтық сайлауда демократ Джо Байденнен жеңіліп қалатынын болжаған.
Кристи 2016 жылы президент сайлауына үміткер болып, Нью-Гэмпширдегі алғашқы сайлаудағы сәтсіздіктен кейін науқанын аяқтап, Трампты қолдаған алғашқы ірі партиялық тұлға болды. Ол Трамптың 2020 жылғы дебаттарға дайындалуына көмектесті, бірақ бұрынғы президенттің 2020 жылы жеңіске жеттім деген жалған мәлімдемесінен кейін оны қолдаудан бас тартты.