АҚШ-тағы сайлау нәтижесі: Трамптың сыртқы саясаты қалай өзгеруі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-та өткен аралық сайлауда демократтардың жеңіске жетуі президент Дональд Трамптың ішкі саясаттағы мүмкіндіктерін шектегенімен, оның сыртқы саясаттағы қадамдарын болжауды қиындатуы мүмкін. Еуропалық саясаткерлер мен сарапшылар Украина, Иран, НАТО және сауда қатынастарына қатысты жаңа тәуекелдерге алаңдап отыр, деп хабарлайды Euronews.
Басылымның мәліметінше, 2026 жылғы аралық сайлау нәтижесінде демократтар Конгрестің екі палатасында да бақылауға ие болып, бірқатар штаттағы губернатор сайлауында жеңіске жеткен.
Дональд Трамптың өзі бұл сайлауға қатысқан жоқ. Алайда нәтижелер оның президенттік мерзімінің соңғы екі жылындағы саяси мүмкіндіктеріне әсер етуі ықтимал.
Еуропалық дипломаттардың пікірінше, Конгрестегі қарсылық күшейген жағдайда Трамп ішкі саясаттан гөрі президенттің өкілеттігі кеңірек сыртқы саясатқа көбірек назар аударуы мүмкін.
– Ол «ақсақ үйректен» гөрі «құтырған итке» көбірек ұқсайтын болады. Қазіргі жағдайға шынайы қараймыз. Ешкім бүгінгі проблемалар өздігінен жойылады деп күтіп отырған жоқ, – деді Euronews басылымына ЕО дипломаттарының бірі.
Еуропарламенттің АҚШ-пен байланыс жөніндегі делегациясын басқаратын Брандо Бенифеи де осындай алаңдаушылық білдірді.
Оның айтуынша, Трамп алдағы екі жылда сыртқы саясатта бұрынғыдан да күтпеген шешімдер қабылдауы мүмкін. Әсіресе Украина мен Таяу Шығысқа қатысты қадамдары Еуропаға тікелей әсер етеді.
Еуропа үшін өзекті мәселелердің бірі – Ирандағы соғыс салдарынан туындаған энергетикалық дағдарыс.
28 ақпанда соғыс басталғалы Иран Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын едәуір шектеген. Маусым айында теңіз жолы қысқа мерзімге ашылғанымен, кейінгі шектеулер энергия тасымалдаушылар бағасының өсуіне ықпал етіп отыр.
Еуропарламент депутаты Вирджил-Даниел Попескудің айтуынша, АҚШ-тағы сайлау нәтижесі энергия бағасын бірден төмендетпейді. Негізгі мәселе – Вашингтон мен Тегеранның шиеленісті бәсеңдетуге дайын болуы.
Демократтардың Конгрестегі ықпалының артуы Трампқа Иранмен қақтығысты тоқтату жөніндегі қысымды күшейтуі мүмкін. Алайда президенттің заңдарға вето қою құқығы сақталады.
НАТО аясында АҚШ әскерінің Еуропадағы саны да маңызды мәселе болып отыр. Биыл мамырда Вашингтон Германиядан 5 мың әскери қызметшісін шығаратынын жариялаған. Ал маусымда Еуропадағы америкалық күштердің құрылымын алты ай бойы қайта қарау басталған.
Еуропалық одақтастар бұл үдеріс әскер санын одан әрі қысқартуға әкелмейді деп үміттенеді.
– Саяси күштер арасындағы тепе-теңдіктің өзгеруі өздігінен жаңа шешімдер қабылданатынына кепілдік бермейді. Еуропа өзінің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұрынғыдан да көп жұмыс істеуі керек, – деді Еуропарламенттің Сыртқы істер комитетінің төрағасы Давид Макаллистер.
Сауда қатынастарында айтарлықтай өзгеріс болмауы мүмкін. Себебі Трамп кедендік тарифтер мен сауда келісімдеріне қатысты өкілеттігін сақтап отыр.
2025 жылғы шілдеде жасалған келісімге сәйкес, АҚШ Еуроодақ тауарларының басым бөлігіне 15% кедендік баж енгізген. Өз кезегінде ЕО америкалық өнеркәсіп тауарларына салынатын баждарды алып тастауға міндеттенген.
Қазір Брюссель АҚШ-тың болатқа енгізген 50% тарифін төмендету және еуропалық тауарлардың жекелеген санаттарын 15% баждан босату мәселесін талқылап жатыр.
Еуропарламенттегі кейбір депутаттар Трамптың саяси ұстанымы әлсіреген тұста Вашингтонмен жасалған сауда келісімін қайта қарауды ұсынып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-тағы аралық сайлауда демократтардың Сенат пен Өкілдер палатасында басымдыққа ие болатыны хабарланған еді. NBC News болжамына сәйкес, демократтар Сенатта қосымша жеті орын жеңіп алып, Өкілдер палатасында кемінде 258 мандат иеленуі мүмкін. Дегенмен жекелеген округтерде дауыс санау әлі жалғасып жатыр.