АҚШ-тағы қарлы боран: табиғаттың тосын мінезінен келген шығын 1 млрд долларға бағалануда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жексенбі күні кешке дейін жалғасатын, АҚШ-тың 11 өңірін қамтыған «Джонас» қарлы бораны америкалықтарға айтарлықтай шығын алып келді.
Небәрі екі күннің ішінде Мерилендте, Делавэр, Виргиния, Нью-Йоркте, Вашингтонда қардың қалыңдығы 2-ден 3 футқа (62-93 сантиметр) дейін жетті. Ал желдің жылдамдығы сағатына 100 шақырымға дейін. 11 штат бұрқасын астында қалды, төтенше жағдай жексенбі күні кешке дейін жалғасады. Шығын 1 миллиард доллар деп бағалануда.
Бейсенбі күні кешке қарлы боран жайлы хабардар болған халық қор жинауға көшті. Супермаркеттерде ұзын-сонар кезек пайда болып, ұзақ сақталатын азық-түліктер, су, жеміс, көкөністер сөрелері аса жылдамдықпен босап отырды.