АҚШ-тағы жүк көлігін жүргізуші қазақстандықтар туралы фильм ғаламторда 100 мыңға жуық рет тамашаланған

«Төрт күн ішінде АҚШ-тағы қазақстандық жүк көлігін жүргізушілер туралы "Truckdriver" фильмін youtube желісінде 53 000 адам тамашалаған. Ал Facebook-та 40 000 рет қаралған. Мен мұны күтпеп едім, бәріңізге рахмет! Сіздер көбірек жұмыс жасауға ынталандырасыздар. Фильмнің кейіпкерлеріне айтқан жылы сөздеріңіздің олар үшін маңызы зор», деп жазады Инстаграмда фильмнің авторы әрі режиссері Қанат Бейсекеев (@beisekeyev). Кештердің бірінде Нью-Йорктегі барда Қанатқа таныс көлік жүргізушісі Нұрлан өзінің алдағы сапары туралы айтып берген. Келесі күні таңертең Қанат оның көлігіне отырып, екі апта ішінде АҚШ-тың барлық штаттарын аралап шыққан. Нұрлан Америкаға бұдан жеті жыл бұрын көшіп барған. Өз отандарынан жырақта жүрсе де, олардың туған елге де сүйіспеншіліктері жоғары. Фильмге Нұрлан Қожахметов, Нұрбек Хасен, Бауыржан Жүнісов, Рүстем Қажкенов, Әлихан Жаңбырбаев, Артур Марданов түскен. Аудармасын Данияр және Сандуғаш Сүндетбаевтар жасаған.