АҚШ талаптарын орындаса, Иран Ормуз бұғазын екі күнде ашуға дайын

АСТАНА. KAZINFORM —  Иран дүйсенбі күні АҚШ өз талаптарын орындаған жағдайда Ормуз бұғазын қайта ашып, дипломатиялық келіссөздерді екі күн ішінде жаңғыртуға дайын екенін жеткізді. Бұл мәлімдеме Вашингтон мен Тегеран арасында әскери шиеленістің қайта өршуі мүмкін екені туралы ескертулер алмасып жатқан тұста жасалды, деп хабарлайды Синьхуа.

АҚШ талаптарын орындаса, Иран Ормуз бұғазын екі күнде ашуға дайын
Фото: Синьхуа

Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Эсмаил Багаи Тегеран қыркүйек айында ұсынған 7 күндік жоспарды іске асыру мерзімін екі күнге дейін қысқартқанын айтты.

— Егер Иранның талаптары орындалса, Ормуз бұғазындағы қауіпсіздікті қалпына келтіріп, қысқа мерзімде келіссөздерді бастауға мүмкіндік туады, — деді ол.

Сонымен қатар бұл мәселе бойынша бұдан арғы қадамдар АҚШ тарапының шешіміне байланысты екенін атап өтті.

Иран президенті Масуд Пезешкиан таяуда әкімшілігі барлық мәселені диалог арқылы шешуге дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, елдің жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи үкіметке дипломатиялық жолмен шешім іздеуге белгілі бір өкілеттік берген.

Президент соғыстың ешкімге пайда әкелмейтінін айтып, «жаулар» Иранды берілуге мәжбүрлей алмайтынын жеткізді.

Ал Иранның сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арагчи Катар мен Пәкістанның араағайындығымен жүргізіліп жатқан консультациялар «өте қарқынды» сипат алғанын хабарлады. Оның сөзінше, тараптар делегациялардың жиі сапарлары, телефон арқылы сөйлесулер және хабар алмасу арқылы байланыс орнатып отыр.

Арагчи Иранның дипломатиялық келіссөздерге де, қорғаныс шараларына да дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ Вашингтон тарапынан әскери әрекеттер одан әрі күшейсе, Тегеранның жауабы бұрынғыдан да қатаң болатынын ескертті.

Вашингтоннан Иранға қатысты қарама-қайшы мәлімдемелер түсіп жатыр. Хабарларға қарағанда, бейсенбі күні Тегеран АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстен хат алған. Ол хатты Дональд Трамптың тапсырмасымен жолдап, бейбіт келіссөздерді қайта бастауға шақырған. Иран билігі Вашингтон ұстанымындағы мұндай өзгерісті «жақсы белгі» деп бағалады.

Алайда жексенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери әрекеттерді белгілі бір уақытта қайта бастау мүмкіндігін жоққа шығармады. Айовадағы сайлауалды жиында ол Вашингтонның түптің түбінде Иранға қарсы тұруына тура келетінін айтты.

Сондай-ақ сенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху телефон арқылы сөйлескенде Трампты аралық сайлаудан кейін Иранға бірден соққы жасауға шақырғаны хабарланды. Axios басылымының мәліметінше, Трамп келіссөздерді жалғастыруды жөн көрген. Бұл Нетаньяхудың алаңдаушылығын туғызған.

Дүйсенбі күні Трамп Тегеранның Вашингтонмен келісім жасасқысы келетінін және оған қол жеткізуге болатынын айтты.

— Олар келісім жасағысы келеді, бұл жүзеге асуы мүмкін, — деді АҚШ президенті.

Дипломатиялық келіссөздермен қатар, аймақтағы әскери дайындық та күшейіп келеді. Иранның жоғары лауазымды әскери қолбасшыларының бірі дүйсенбі күні елді қорғау қажет болған жағдайда 30 миллионнан астам ирандықтың жалпы әскери дайындықтан өтіп жатқанын мәлімдеді.

Бұл мәлімдеме Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеидің сенбідегі тапсырмасынан кейін жасалды. Ол жоғары әскери қолбасшыларға «жаулар» тарапынан төнген кез келген қауіпке, оның сипаты мен ауқымына қарамастан, географиялық шектеусіз «дереу әрі тиімді» жауап беруді тапсырған.

Ал Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, бейсенбі күні АҚШ-тың жоғары лауазымды әскери қызметкерлері Трампқа Иранға қатысты ықтимал әрекеттердің бірнеше нұсқасын таныстырған. Сонымен қатар АҚШ Парсы шығанағындағы бірқатар елді аралық сайлаудан кейін Иранға қарсы қысқа мерзімді, бірақ қарқынды әскери операцияға дайындалуға шақырғаны айтылды.

Ормуз бұғазындағы жағдай да күрделене түсті. Дүйсенбі күні Иран армиясының әскери-теңіз күштері белгіленген тәртіпті бұзған танкер бұғаздың шығысындағы тыйым салынған аймақта теңіз миналарына соғылып, өртенгенін хабарлады. Әскери күштердің мәліметінше, кеме навигациялық жүйелерін өшіріп тастаған.

Бұдан бөлек, Ислам революциясы сақшылары корпусының әскери-теңіз күштері соңғы тоғыз күнде бұғазда 11 мұнай танкері өртенгенін немесе суға батқанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл оқиғалар 25 қазанда АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) қолбасшысы Брэд Купердің бұғазға жасаған сапарынан кейін болған.

Бұған дейін АҚШ пен Иран келіссөздерінде ілгерілеушілік байқалғаны туралы жазған болатынбыз.