АҚШ Таяу Шығыстағы бейбітшілікті нығайтуға күш салуда
Энтони Блинкеннің Израиль үкіметінің мүшелері, Палестина билігі және Мысыр басшылығымен кездесу барысында аймақтағы шиеленісті азайту және қауіпсіздікті нығайту үшін тараптардың әрқайсысы жасай алатын практикалық қадамдар туралы сындарлы идеялар талқыланды.
Э.Блинкен қақтығыс тараптарын зорлық-зомбылықтың одан әрі өршуіне жол бермеу және тыныштықты қалпына келтіру үшін шаралар қабылдауға шақырды.
АҚШ сыртқы саясат департаментінің басшысы биылғы жылдың 29 қаңтарында Нева-Яаковтағы синагоганың жанында лаңкестік әрекет салдарынан қаза тапқандарға көңіл айтты.
АҚШ БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы палестиналық босқындар жөніндегі агенттігіне тағы 50 млн долларға жуық қаржы бөлетінін жариялады.
Бұл қаражат ел тұрғындарын азық-түлік, вакцина және біліммен қамтамасыз ету мақсатында жіберіледі. Соңғы екі жылда АҚШ-тың палестиналықтарға көрсеткен қаржылық көмегінің жалпы сомасы шамамен 940 млн долларды құрады.
Блинкен АҚШ палестиналықтар мен израильдіктер үшін бейбітшілікті нығайтуға, тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған барлық күш-жігерді қолдайтынын білдірді. Президент Байден әкімшілігінің саясаты екі халық үшін екі мемлекет тұжырымдамасын сақтауға және жүзеге асыруға бағытталғаны атап өтілді.