АҚШ-тың 12 штатындағы су жүйелері кибершабуылға ұшырады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың кемінде 12 штатындағы мемлекеттік сумен жабдықтау жүйелері кибершабуылдарға ұшырады. Бұл коммуналдық инфрақұрылымның киберқауіпсіздігіндегі осал тұстарға қатысты алаңдаушылықты күшейтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі CBS News-ке сілтеме жасап.
Киберқауіпсіздік саласының мамандары шабуылдар интернетке қосылған, қорғаныс деңгейі төмен өндірістік компьютерлерді пайдаланатын мыңдаған сумен жабдықтау жүйесінің осал екенін көрсетті.
Шабуылдардың негізгі нысанасына өндірістік жабдықтарды, су қысымын және тазарту станцияларындағы химиялық заттардың мөлшерін басқаратын бағдарламаланатын логикалық контроллерлер (PLC) айналды.
АҚШ-тың Киберқауіпсіздік және инфрақұрылымды қорғау агенттігінің (CISA) мәліметінше, көптеген контроллер интернетке брандмауэрсіз, VPN қорғанысынсыз, ал кей жағдайда тіпті құпиясөзсіз қосылған. Соның салдарынан хакерлер жүйеге оңай еніп, құрылғылардың жұмысын басқара алған.
Кибершабуылдар Джорджия, Мичиган, Миннесота, Нью-Джерси және Оңтүстік Дакота штаттарындағы сумен жабдықтау жүйелерінің жұмысына іркіліс әкелді. Хакерлер құрылғылардың IP-мекенжайларын өзгертіп, операторлардың қолжетімділігін бұғаттаған. Кейбір жағдайларда су қысымы төмендеп, сумен қамту уақытша тоқтап, кәсіпорындар қолмен басқару режиміне көшкен.
Мамандар шабуылдардың нақты ауқымы бұдан да кең болуы мүмкін екенін айтады, өйткені коммуналдық қызметтер мұндай оқиғалардың барлығы туралы міндетті түрде есеп бермейді.
Әзірге шабуылдар үшін жауапкершілікті ешбір топ мойнына алған жоқ. АҚШ билігі бұл әрекеттерге Иран қолдайтын хакерлердің қатысы болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Сонымен қатар шабуылдар ауыз судың сапасына әсер етпеген, ал коммуналдық кәсіпорындар жүйелерді қысқа мерзімде толық бақылауына қайтарды.