АҚШ-тың бұрынғы президенттері Чикагодағы Обама орталығын ашты
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың 44-президенті Барак Обама Чикагода өзінің президенттік орталығын ресми түрде ашып, демократияны қорғауға шақырды. Онымен бірге ашылу салтанатында елдің бұрынғы үш президенті – Джо Байден, кіші Джордж Буш және Билл Клинтон жұбайларымен қатысты, деп хабарлайды Associated Press.
Залдағы көрермендер арасында бұрынғы вице-президент Камала Харрис, Демократиялық партияның көптеген жетекші өкілдері, әлемдік деңгейдегі өнер жұлдыздары, спортшылар және басқа да танымал тұлғалар болды.
– Бұл орталық біздің демократиямыздың қаншалықты ерекше әрі қымбат құндылық екенін дәлелдейтін орынға айналады деп үміттенемін. Сондай-ақ ол азаматтық жауапкершілікті бірге арқалаған кезде қандай жетістіктерге жете алатынымызды еске салады, – деді АҚШ тарихындағы алғашқы қара нәсілді президент.
Қазіргі президент Дональд Трамптың жоқтығы көзге бірден түсті. Сонымен қатар іс-шарада сөз сөйлегендердің ешқайсысы оның есімін атамады. Ақпан айында Трамп құны 850 миллион доллар болатын орталықты «үлкен сәтсіздік» деп атаған еді.
– Сегіз жыл бойы оттың ортасында жүрдің, бірақ ешқашан балқып кеткен жоқсың. Бірде-бір рет оның сені қатігез етуіне жол бермедің. Әлемдегі ең қиын жұмыстың өзін мына әсем саябақтағы серуен сияқты көрсетіп келдің, – деді Мишель Обама жұбайына қарата сөйлеген сөзінде.
Оның сөздерін тыңдап тұрған Барак Обама көзіндегі жасты сүртіп алды.
Сахнаға сондай-ақ Боно, Джон Ледженд, Кристина Агилера, Брюс Спрингстин және Стиви Уандер шықты. Шоуды Стиви Уандердің Higher Ground әні қорытындылады.
– Бұл Обамаларға арналған ескерткіш емес, – деді Обама қорының атқарушы директоры Валери Джарретт. – Бұл – осы жолды мүмкін еткен жандардың бәріне көрсетілген құрмет.
Қалың жұртшылық орталыққа Juneteenth – Азаттық күнінен бастап кіре алады. Билеттер қазан айының соңына дейін толық сатылып кеткен. Аумағы шамамен 20 акрды құрайтын кампус жыл сайын бір миллионнан астам келушіні қабылдауды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Сенат Трамптың Ақ үйдегі бал залына қаржы бөлу туралы заң жобасын қабылдамай қойғанын жаздық.