АҚШ-тың ең ықпалды тұлғаларының тізімі жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Vanity Fair журналы АҚШ-тың «жаңа элитасының» тізімін жасады, оның басында OpenAI компаниясының бас директоры Сэм Альтман тұр, ол SpaceX компаниясының бас директоры Илон Маскты, вице-президент Дж.Д. Вэнсті және Мемлекеттік хатшы Марко Рубионы басып озған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі Vanity Fair басымылына сілтеме жасап.

АҚШ-тың ең ықпалды тұлғаларының тізімі жарияланды
Фото: vanityfair.com

Қазір Америкадағы ең ықпалды тұлға — әлемді өзгерте алатын жандардың бірі, OpenAI компаниясының бас директоры Сэм Альтман. 37 жасында ол жасанды интеллект революциясының символына айналған ChatGPT-ны іске қосты, ал OpenAI дамып келе жатқан саладан ойып тұрып орын алады. Басылымның жазуынша, келешек ұрпақ Альтманды кезінде болашақты өзгерткен тұлға Роберт Оппенгеймермен салыстыруы мүмкін.

АҚШ-тың ең ықпалды тұлғаларының тізімі жарияланды
Фото: vanityfair.com

Anthropic компаниясының бас директоры Дарио Амодей екінші орында. Ол шығаратын Anthropic өнімдерінің, әсіресе Claude Code бағдарламасының танымал болғаны соншалық, тіпті үкіметпен дауласқанына қарамастан компанияның позициясы нығыздала түскен. Инвесторлар Амодейдің құбылмалы кезеңде әрекет етуге дайындығын және жасанды интеллектті ізгілік жолында пайдалануға деген ұмтылысын атап өтеді.

Tesla және SpaceX компанияларының бас директоры Илон Маск үздік үштікті түйіндеді.

Илон Маск
Фото: vanityfair.com

Ол әлеуметтік желіні, жасанды интеллект бизнесін және зымыран-ғарыш компаниясын біріктіріп, «баламалы капитализм» деп аталатын модель жасады. Дәстүрлі қаржылық көрсеткіштерінің тұрақсыздығына қарамастан, оның ықпалы, капиталға қол жеткізу мүмкіндігі және танымалдығы мамандар мен инвесторларды тартуға көмектеседі. Масктың басты артықшылығы, ол батыл идеяларды өміршең жобаларға айналдыра алады. Қайта пайдалануға болатын зымырандар мен электр көліктері қазірдің өзінде айтарлықтай пайда әкелуде, ал оның беделі талантты қызметкерлерді тартуға көмектеседі.

2010 жылдардың басында Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуан тәуекелге бел буып, жасанды интеллект үшін қажет графикалық процессорларды дамытуға күш салды. Уақыт өте, оның үміті ақталып, табысқа кенелді. Nvidia жасанды интеллект чиптері нарығының айтарлықтай үлесін жаулап алды және жасанды интеллекттің дамуынан пайда көріп отырған басты тұлғалардың біріне айналды.

Ең бай адамдар
Фото: vanityfair.com

Үздік бестіктен Федералды резерв төрағасы Кевин Уорш та орын алды. Оның қабылдайтын шешімдері доллардың құнына және АҚШ-тың экономикалық саясатына, соның ішінде инфляция мен рецессияға қарсы күреске тікелей әсер етеді. Уорштың американ қаржы және саяси элитасымен байланысы бар, оның таза байлығы 135 миллион доллардан асады.

Ең бай адамдар
Фото: vanityfair.com

АҚШ вице-президенті Дж.Д. Вэнс алтыншы орында. Популистік стилі мен БАҚ-тың қолдауының арқасында ол тез арада қазіргі биліктің көрнекті тұлғасына айналды. Трамп оны мұрагер ретінде қарастырады.

Келесі орында — АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио. Ол Трамп әкімшілігінде кең өкілеттіктерге ие болды және АҚШ сыртқы саясатындағы ең ықпалды тұлғалардың біріне айналды. Әкімшіліктің даулы шешімдері мен танымалдылығының төмендеуіне қарамастан, Рубиоға қоғам оң қабақпен қарайды, әрі 2028 жылғы президенттік науқан алдында көрнекті тұлғаның бірі болып отыр.
Алғашқы ондыққа, сондай-ақ Alphabet және Google компаниясының бас директоры Сундар Пичаи, Netflix бас директоры Тед Сарандос және YouTube бас директоры Нил Мохан бар.

Ең бай адамдар
Фото: Ең бай адамдар

«Жаңа элита» тізіміне 50 адам кіргізілген. Олардың арасында АҚШ президентінің екі баласы Кіші Дональд Трамп пен Иванка Трамп, АҚШ президентінің күйеу баласы Джаред Кушнер де бар.

Басқа кандидаттардың қатарында Нью-Йорк қаласының мэрі Зоран Мамдани (демократ), Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом (демократ) және Рим Папасы XIV Лев есімдері аталады.

Бұған дейін Луизиана штатынан сайланған республикашыл сенатор Джон Кеннеди 2028 жылғы президент сайлауына қатыспақ ойы барын айтқан болатын.