АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік хатшысына импичмент жариялануы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM - Сейсенбіде АҚШ-тың Өкілдер палатасының ішкі қауіпсіздік комитеті Ішкі қауіпсіздік министрі Алехандро Майоркасқа импичмент жариялаудың екі бабын мақұлдады. Шенеунікке импичмент жариялау бойынша дауыс беру келесі аптада АҚШ-тың Өкілдер палатасында өтеді, деп хабарлайды Fox News.

Хатшыға «Конгресс қабылдаған иммиграция және шекара қауіпсіздігіне қатысты заңдарды бірнеше рет бұзды» және шекара қауіпсіз және жабық, сондай-ақ Ішкі қауіпсіздік департаменті (DHS) шекараны жедел бақылауын жүзеге асырып отыр деп «Конгреске жалған мәлімдеме жасады» айыптары тағылды.
«Үш жыл ішінде бізде шекарадан заңсыз өтудің 10 миллион жағдайы орын алып, 300 мыңға жуық американдық опиоидтердің артық дозасынан қайтыс болды. Біз сол жерде елімізді жоғалтып жатырмыз. Ал бұл саясатты жүзеге асыруға жауапты адам — Алехандро Майоркас», — деді республикалық Клэй Хиггинс.
Демократтар республикашылдарды тек саяси себептерге байланысты импичмент жариялауға тырысты деп айыптап отыр.
«Республикашылдар ілгерілеуді қаламайды. Олар шешімдерді қажет етпейді. Олар саяси мәселені қалайды. Ең бастысы, олар өздерінің масқара болған бұрынғы президентін қуантқысы келеді», — деді Өкілдер палатасының беделді мүшесі, демократ Бенни Томпсон.
Ішкі қауіпсіздік министрі өз кезегінде өзіне тағылған жалған айыптарды жоққа шығарды.
«Біздің бұзылған және ескірген иммиграциялық жүйеміздің проблемалары жаңалық емес. Иммиграциялық заңдарымыз соңғы рет 1996 жылы қайта қаралды. Біздің иммиграциялық заңдарымыз 21 ғасырдағы көші-қон үлгілеріне арналмаған», — деді Майоркас өз сөзінде.
Өкілдер палатасы министрге импичмент жариялауға дауыс берсе, бұл іс АҚШ Сенатының қарауына жіберіледі.