АҚШ-тың Техас штатында жүк контейнерінен алты мигранттың мәйіті табылды
АСТАНА. KAZINFORM - Техас штатындағы Ларедо қаласында жүк пойызының контейнерінен алты адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды TheGuardian.
Оларды Union Pacific теміржол станциясында вагондарды жоспарлы тексеру кезінде жұмысшылар анықтаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, адамдар ыстықтан көз жұмған.
Сот-медициналық сарапшы қаза болғандардың бірі — 29 жастағы мексикалық әйелдің әліміне күн өту себеп болғанын растады.
Қалғандарының аты-жөні, кім екені әлі анықталып жатыр.
Болжам бойынша, олардың арасында Мексика мен Гондурас азаматтары бар.
Union Pacific оқиғаның мән-жайын анықтау үшін полициямен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр.
Ларедо — АҚШ шекарасындағы ірі көлік тораптарының бірі.
Бұл аймақта заңсыз шекара кесіп өту әрекеттері жиі тіркеледі.
Әзірге билік бұл оқиғаның адам тасымалымен айналысатын ұйымдасқан топтарға қатысы бар-жоғын нақтылаған жоқ.
Осыған дейін 2025 жылы көші-қон бағыттарында шамамен 8 мың адам қаза тауып, не із-түзсіз жоғалғаны туралы жаздық.