АҚШ-тың Вирджиния штатында 2027 жылдан бастап марихуана еркін сатылады

АСТАНА. KAZINFORM – Вирджиния штаты марихуананы жеке мақсатта сақтауды заңдастырған АҚШ-тың оңтүстігіндегі алғашқы штат атанғаннан кейін бес жыл өткен соң, оны рекреациялық мақсатта заңды түрде сатуға мүмкіндік беретін тәртіпті бекітті, деп хабарлайды Associated Press.

АҚШ-тың Вирджиния штатында 2027 жылдан бастап марихуана еркін сатылады
Фото: polisia.kz

Дүйсенбі күні қабылданған штаттың бюджеттік заңы 2027 жылғы 1 шілдеден бастап Вирджиния аумағында каннабис сататын 350-ге дейін дүкен ашуға рұқсат береді. Бұл шешім федералдық деңгейде марихуана әлі де заңсыз болып саналса да, штаттардың заңнамалық бастамалары арқылы оған қолжетімділікті кеңейту бағытындағы кезекті қадам болды.

– Вирджиния бірнеше жыл бұрын ересектердің марихуана сақтауын заңдастырды. Алайда реттелетін бөлшек сауда нарығы болмағандықтан, заңсыз нарықтың сақталуына жол бердік, – деді штат сенаторы, заң жобасының негізгі авторларының бірі Лашрис Эйрд.

Оның айтуынша, қабылданған ымыралы шешім қауіпсіз әрі тиімді жүйе қалыптастырады. Ол тұтынушыларды қорғайды, өнімнің зертханалық тексерілуі мен таңбалануын қамтамасыз етеді және бағасы заңсыз нарықпен бәсекелесе алатын заңды нарық құрады.

Бұған дейін Вирджинияда медициналық марихуана бағдарламасы жұмыс істеп келген. Ол пациенттерге арнайы дәріханалар арқылы препарат сатып алуға мүмкіндік берген. Енді штаттың реттеуші органдары бөлшек сауда лицензияларын алуға өтінімдерді 2027 жылғы 1 ақпаннан бастап қабылдайды. Ал 21 жастан асқан азаматтарға марихуананы заңды түрде сату сол жылдың 1 шілдесінде басталады.

Жаңа заң бойынша марихуананы сақтауға рұқсат етілген мөлшер 28 грамнан 56 грамға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ азаматтардың үй жағдайында аз мөлшерде қарасора өсіру құқығы сақталады.

Штат сатудан алынатын салыққа қосымша акциз енгізеді. Заң шығарушы органның бюджеттік құжаттарына сәйкес, бұл салықтар бағдарламаның алғашқы жылында штат қазынасына шамамен 51 миллион АҚШ доллары көлемінде кіріс әкеледі.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ есірткі контрабандасымен айыпталған кемеге шабуыл жасады.