АҚШ-тың жаңа соққыларынан кейін Ормуз бұғазындағы кемелерге шабуыл жасалды – Иран
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ әскері Иранға қарсы жаңа соққылар жасай бастады. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран соғысты тоқтату жөніндегі келісімді тым ұзаққа созып жатқандықтан, америкалық күштер елге «қатаң соққы береді» деп мәлімдеген еді. Бұл туралы ВВС жазды.
АҚШ Орталық қолбасшылығы (Centcom) сәрсенбі күні «өзін-өзі қорғау мақсатында» көптеген нысаналарға соққы бере бастағанын хабарлады. Мәлімдемеде бұл шабуылдардың «Иранның негізсіз әрі жалғасып жатқан агрессиясына жауап» екені айтылған.
Мемлекеттік БАҚ хабарлағандай, Иран әскері Ормуз бұғазындағы кемелерге соққы беретінін мәлімдегеннен кейін көп ұзамай Ислам революциясы сақшылары корпусының (IRGC) әскери-теңіз күштері екі кемеге шабуыл жасаған.
Соңғы уақытта тараптар әскери және барлау нысандарына соққы жасап келеді. Бұл өзара әуе шабуылдарының айтарлықтай күшейгенін көрсетеді. Жарылыстар Парсы шығанағындағы Кешм аралында, сондай-ақ Бендер-Аббас пен Сирикті қоса алғанда бірқатар қалада естілген.
АҚШ соққыларына жауап ретінде Иранның жоғары әскери қолбасшылығы Ормуз бұғазы арқылы өтетін барлық кемелерге, соның ішінде мұнай танкерлері мен сауда кемелеріне шабуыл жасалатынын ескертті.
Стратегиялық маңызы зор бұғазда патруль жүргізіп жүрген Ислам революциясы сақшылары корпусының әскери-теңіз күштері көп ұзамай «заңсыз өтпек болған» екі мұнай танкеріне соққы бергенін мәлімдеді.
АҚШ-тың соңғы шабуылы басталардан бірнеше сағат бұрын Трамп:
– Кеше біз оларға күшті соққы бердік, бүгін де тағы күшті соққы береміз, – деп ескерткен.
Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Иран басшылығының «келісім жасауды тым ұзаққа созып жатқанын» жазды. Ал Иран Сыртқы істер министрлігі АҚШ-ты «қарама-қайшы мәлімдемелер жасау арқылы дипломатиялық процеске зиян келтіріп отыр» деп айыптады.
Трамптың сөздеріне жауап ретінде Иран президенті Масуд Пезешкиан Иранның «кез келген қысым мен қауіп-қатерге табанды түрде қарсы тұратынын» мәлімдеді.
Кейінірек АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет бомбалар «Ирандағы маңызды нысандарға тасталатынын» айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Оңтүстік Корея пайдаланатын тағы бір кеме Ормуз бұғазы арқылы өткенін жаздық.