АҚШ-тың жеті штаты лайнердегі хантавирус жұқтырған жолаушыларды бақылауға алды

АСТАНА. KAZINFORM – Круиздік лайнердегі өлімге әкелуі мүмкін хантавирус індетінен кейін АҚШ-тың жеті штаты америкалық жолаушыларды қабылдауға және бақылауға дайындалып жатыр, деп жазды NBC News.

Семь штатов готовятся принять американцев после вспышки хантавируса на лайнере
Фото: nebraskaexaminer.com

Ақпаратқа сәйкес, круиздік лайнердегі 150 жолаушының арасындағы 17 америкалық Испанияның Тенерифе аралына эвакуацияланады.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары Канар аралдарына эпидемиологтар мен медицина қызметкерлерінен құралған топ жіберетінін мәлімдеді.

Олар америкалықтарды қарсы алып, кейін Небраска штатындағы Омаха қаласында орналасқан Небраска медициналық орталығының Ұлттық карантин бөліміне орналастырады.

Карантин бөлімінде 20 бос орын бар. Әр адамға жеке бөлме мен тамақ қарастырылған. Жолаушылардың денсаулығын инфекциялық аурулар мамандарын қоса алғанда, медицина қызметкерлері күн сайын бақылап отырады.

Егер жолаушылардан ауру белгілері анықталса, олар биологиялық қауіп төндіретін науқастарға арналған арнайы оқшаулау бөліміне ауыстырылады. Бұл бөлімде 2020 жылы COVID-19 індетінің алғашқы науқастары, ал 2014 жылы Эбола безгегімен ауырғандар емделген.

Мамандар хантавирус инкубациялық кезеңі алты аптаға дейін созылуы мүмкін екенін айтады. Осыған байланысты АҚШ-тың федералдық және жергілікті денсаулық сақтау органдары америкалық жолаушылардың жағдайын бақылауды күшейткен.

Джорджия, Техас, Аризона, Вирджиния, Калифорния және Нью-Джерси штаттарының денсаулық сақтау департаменттері лайнерде болған америкалықтарды және олармен байланыста болуы мүмкін азаматтарды бақылауға алғанын хабарлады.

Лайнердегі індетке себеп болған анд штамындағы хантавирус адамнан адамға жұғуы мүмкін. Алғашқы жұқтыру көзі Оңтүстік Америкада кездесетін күріш егеуқұйрықтары мен олардың зәрі, сілекейі немесе нәжісі болған.

Сарапшылардың бір бөлігі АҚШ-тың қаңтар айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығуы елдің хантавирус туралы ақпаратты алғашқылардың бірі болып алу мүмкіндігін төмендетуі мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін ДДҰ MV Hondius лайнерінен эвакуацияланған жолаушыларға 42 күндік карантинді ұсынған болатын.