АҚШ тұрғындары автомобильдерден автобустарға ауысуда

Көлік компанияларына жолаушылар ағыны арта түсуінен олардың табысы мен жергілікті және федералдық бюджетке салық төлемдері ұлғаюда. Бұған соңғы айларда автомобиль жанармайларына бағаның шарықтауы себеп болды, деп хабарлады Ұлттық қоғамдық көлік қауымдастығының өкілдері.
Соңғы екі айда АҚШ-та бензин бағасы орташа есеппен 20 пайызға өсті. Ақпан айында бір галлонның (3,78 литр) бағасы 3,52 долларды құрады. Ал кейбір аймақтарда бір галлон төрт долларға жетті.
Көптеген американдық азаматтардың пікірінше, бензин бағасы қалтаға ауыр соға бастады, деп атап өтті «Нью-йорк таймс» газеті. АҚШ азаматтары автомобильмен жүруді азайтып, автобустарға ден қоя бастады. Оның үстіне көлік компаниялары жолаушыларды демпингтік бағалармен өздеріне көптеп тартуда. Нью-Йорк-Филадельфия жолбағыты бойынша тасымалдайтын "Megabus" және "BoltBus" фирмалары өткен жылы 2010 жылға қарағанда, жолаушыларды 32 пайызға көп тасымалдады. Егер алдын ала Интернет арқылы автобусқа орынға тапсырыс берілсе, Нью-Йорктен Филадельфияға бір доллармен баруға болады. Автомобильшілер үшін 160 шақырымдық сапарға шығу 20 есе қымбат болмақ.