08:01, 23 Сәуір 2014 | GMT +5
АҚШ тұрғыны салмағы 365 келі тартатын акуланы ұстап, 200 көршісін тамақтандырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Американдық Милтон қаласының (Флорида штаты) тұрғыны Джоуи Полк ұзындығы 3,35 метр және салмағы 365 келі тартатын акула-маконы қармаққа түсірді. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, бұл жағалаудан бұрын-соңды ауланған акулалардың ең ірісі болып отыр, деп жазады ИТАР-ТАСС.
Мексика шығанағы жағалауында балық аулаған Полк балықты жағаға шығаруға бір сағатқа жуық уақыт қайрат жұмсаған. «Қармаққа түссе де акула сағатына 95 шақырымдық жылдамдықпен жүзді. Мен бала күнімнен балық аулап жүрмін, бұл жолғы олжамның өте үлкен екенін сездім. Бірақ та осыншама үлкен болар деп ойлаған жоқпын», - дейді ол.
Балық Полктың машинасының қорабына сыймаған, қораптан шығып жатқан акуланың құйрығын қызықтаған жұрт суретке түсіріп алыпты.
«Әдетте мен ұстап алған акулаларымды суға қайта қоя беремін, бірақ бұл балық қатты жараланып қалды, сондықтан да бәрібір ол енді өмір сүре алмас еді», - деп атап өтті Полк. Ол олжасын өзінің құпия рецептісімен пісіріп, 200-ге тарта көршісін риза қылған.