АҚШ тұтынушылары Honda және Acura көліктерін ең сенімді автомобильдер деп таныды
АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - АҚШ тұтынушылар одағы шығаратын «Consumer Reports» басылымы Honda және Acura модельдерін ең сенімді көліктер деп атады, деп хабарлайды шетелдік БАҚ.
Беделді журналдың пікірінше, Acura ILX 2.0L, MDX, RDX, TL және TSX, сондай-ақ, Honda Accord, CR-V, Civic, Pilot, Odyssey, Fit және Ridgeline көліктері дүниежүзілік автомобиль нарығында ең сенімді модельдер болып табылады.
Сонымен қатар, АҚШ тұтынушылары арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде Honda Odyssey 2010 - 2013 жылдары минивэндер арасындағы үздік автокөлік деп танылды.
Consumer Reports рейтингісі бірқатар өлшемдерге негізделген. Олардың арасында көліктің техникалық мінсіздігі және автокөлік иелері тап болатын ақаулар саны секілді критерийлер бар. Сауалнама 1,1 млн -нан астам көлік туралы мәліметті қамтиды.