АҚШ-тың Арканзас штатында жаңажылдық отшашу салдарынан 3 мыңнан астам торғай өлді
АСТАНА. 5 қаңтар. ҚазАқпарат - Жаңажылдық отшашулар американдық АҚШ-тың Арканзас штатында барылдақ торғайлардың жаппай қырылуына алып келді.
Бұл туралы USA Today хабарлайды.
Әуеден жүздеген торғайдың құлағанын штаттың орталық бөлігіндегі Биб (Beebe) қаласының тұрғындары хабарлады. Куәгерлердің айтуынша, алдымен зеңбіректердің атысына ұқсас бірнеше қуатты дауыс естіліп, содан аз уақыттан соң аспаннан құстар құлай бастады.
Орнитологтардың ойынша, барылдақ торғайлар қатты дыбыстан бағыттарынан жаңылып, естерінен танып үйлерге, ғимараттарға, үй мұржаларына және өзге де заттарға соқтығысып қаза тапқан. Мамандардың айтуынша, қатты дүмпулер жаңажылдық отшашу болуы ықтимал.
Барлығы жаңа жыл түнінде үш мыңнан астам құс қаза тапты. Отшашудан басқа, найзағай мен бұршақтың да әсері болуы мүмкін деген де жорамалдар айтылуда.