АҚШ-тың Париж келісімінен шығуы жағдайды ушықтырмайды - Ұзақбай Қарабалин

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Париж келісімінен бас тартуы қажетсіз қадам. Себебі бұл құжат аясындағы мәселелерді бірлескен күш-жігермен шешкен жөн. Бүгін энергетикалық шешімдер мәселесіне арналған конференцияда «KAZENERGY» қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

АҚШ-тың Париж келісімінен шығуы жағдайды ушықтырмайды - Ұзақбай Қарабалин

«Әлемдік энергетикада перспективаларды бағалау тұрғысында Париж келісіміне қатысушы барлық елдер тарапынан саяси қолдаудың қажеттігін жете түсінген жөн. АҚШ-тың аталған Келісімнен шығу бастамасы бұл бағыттағы жағдайды күйрете қоймайды, алайда қажетсіз жайт», - деп атап өтті Ұ. Қарабалин.

Оның сөзіне қарағанда, әлемдік энергетиканың тиімді дамуы мен Париж келісімін орындау өте күрделі әрі көпфакторлы үдеріс болып табылады.

«Менің ойымша, негізгі ұстанымдардың, мақсаттар мен проблемаларды шешудің қадамдарына кешенділік пен жүйелік, технологиялық қамтамасыз етуді жандандыру, саяси қолдау, халықаралық белсенді ынтымақтастық еніп, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерге ерекше назар аударылуы тиіс. Бірлескен күш-жігердің арқасында климат жөніндегі Париж келісімі мәселелерін шешумен оны жүзеге асыруда оңтайлы қадамдар айқындалады деп ойлаймын», - деді Ұзақбай Қарабалин.

Оның атап өтуінше, халықаралық энергетикалық агенттіктің деректеріне сәйкес, әлемдік энергетикаға бағытталған инвестиция көлемі 2016 жылы 1,7 трлн долларды құрап, бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстарғанда 12 пайызға төмен болды.
«Қаржыландырудың қысқаруы бірінші кезекте мұнай және газ саласына байланысты болып отыр. Осы агенттіктің есептеуіне қарағанда, Париж келісімін орындаудың ең төменгі талпынысының өзінде әлемдік энергиялық қамтамасыз етуге 2040 жылға дейін 44 трлн доллар сомасында инвестиция қажет саналады», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, биыл АҚШ Президенті Дональд Трамп өз елінің климат жөніндегі Париж келісімінен шығатындығын жариялады. Осы орайда маусым айында Астанада өткен XIV Еуразия медиа форумында Нобель сыйлығының лауреаты (Үндістан) Раджендра Пачаури климаттың өзгеруіне қатысты айтылған Дональд Трамптың пікірін сынаған болатын.