АҚШ-тың трансұлттық компаниясы елордалық саудагердің үстінен шағым түсірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық әділет департаментіне «The Proctel & Gamble Company» компаниясының өкілі шағымданып, Астанадағы «BIG Шанхай» сауда үйіндегі тауарларға тексеріс өткізуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

АҚШ-тың трансұлттық компаниясы елордалық саудагердің үстінен шағым түсірді

Тексеріс кезінде тұрмыстық химия өнімдерін сатумен айналысатын бір жеке кәсіпкердің тәртіп бұзғаны анықталды. Оның сауда алаңында контрафактілік тауарлар сатылды. Атап айтқанда, ыдыс-аяқ жууға арналған «Fairy» атты өнімнің штрих-коды астындағы цифрлар анық басылмаған. Ондай тауарлар контрафактіге жатады.

«Астана қаласының мамандырылған ауданаралық әкімшілік соты жеке кәсіпкерді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабы бойынша жауапкершілікке тартып, 21 АЕК (50 505 теңге) көлеміндегі айыппұлды төлеуге міндеттеді. Контрафактілік тауардың барлығы мемлекеттің пайдасына тәркіленді. Сот қаулысы заңды күшіне енді», - делінген соттың ресми хабарламасында.