АҚШ-тың Ұлттық паркінен туристер жұқтырған қауіпті вирус әлемге таралуы мүмкін
АСТАНА. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат - Аса тез таралып, өлімге соқтыратын қатерлі вирус 22 мың адамның өміріне қауіп төндіруде, деп хабарлады Independent News.
Әңгіме Йосемит ұлттық саябағына (Калифорния, АҚШ) келушілер туралы болып отыр, биылғы маусым айынан тамызға және қазіргі кезге дейін саябақ аумағында қонақта болған олар хантавирус жұқтыруы мүмкін.
Ондай мазасыздыққа Ұлттық саябақта болған келушілердің 8-інің дәрігерге қаралғанда хантавирус жұқтырған жағдайы себеп болып отыр. Хантавирус осы індетті жұқтырған кеміргіштер болған жерден ауа арқылы таралады. Адамдар уланған ауаны жұтып, осы індетке ұшырайды. Статистика мәліметтеріне қарағанда, ауру жұқтырғандардың үштен бірі көз жұмады. Қазірдің өзінде үш адамның қайтыс болғаны белгілі болып отыр.
Әсіресе, саябаққа келушілер арасында 2,5 мың шетелдік туристер болуы үлкен проблема болып отыр. Олар елдеріне барғасын осы ауруды одан әрі таратуы мүмкін.
Дегенмен, ғалымдар қазірге дейін вирустың адамнан адамға жұғуы жағдайы болмағандығын айтады.