АҚШ Украинаға материалдық көмек көрсетуге дайын
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ Украинадағы қажетті саяси реформалар жүзеге асырылған жағдайда материалдық көмек көрсетуге дайын. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Виктория Нуланд мәлім етті, деп хабарлайды Утро.ру.
Сонымен қатар ол Украинадағы АҚШ Елшісімен сөйлескендігіне, онда елдің жаңа үкіметіне кандидаттарды талқылағандығына қатысты ақпараттарға орай пікір білдірмейтіндігін атап өткен.
Естеріңізге сала кетейік, кеше YouTube порталында аудиожазба жарияланған еді. Онда дауыстары Нуланд пен АҚШ-тың Украинадағы Елшісі Джеффери Пайеттің дауыстарына ұқсас әйел мен ер адам сөйлесіп, Украинадағы саяси ахуалды талқыға салады. Әйел Украинаның жаңа Үкіметінде «УДАР» партиясының серкесі Виталий Кличконы көргісі келмейтіндігін баса айтады. Сондай-ақ ол Еуропалық одақтың Украинадағы іс-қимылына қатысты дөрекі сөздер айтып қалған.