АҚШ ұрланған $1 млрд криптовалютаны қайтармақ
АСТАНА. KAZINFORM — Binance криптовалюта биржасына шабуыл жасалып, құны 6 миллиард доллар болатын криптовалюта ұрланған болатын. АҚШ үкіметі сол кезде қолды болған 1 миллиард доллардан астам криптовалютаны қайтарып алу үшін сот ісін бастады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі FOX Business басылымына сілтеме жасап.
Әділет министрлігі АҚШ билігінің ұрланған 3 миллиард доллардан астам цифрлық активтерді тәркілеуге және мұздатуға көмектескенін хабарлады. Сот ісі Circle Internet Financial, LLC шығарған, 18 түрлі блокчейн желісіндегі 36 виртуалды әмиян мекенжайында сақталған барлық USDC стейблкоиндеріне қарсы бағытталған.
— Қаскөй жәй хакер болса да, дұшпан мемлекет болса да және қылмыстан түскен қаражат қайда бағытталса да, менің кеңсем мен серіктестеріміз оларға қарсы күресу және осы қылмыстан жапа шеккендерге көмектесу үшін жедел әрекет етеміз, — деді Колумбия округі бойынша АҚШ прокуроры Джанин Феррис Пирро.
Хакерлер 29 қазанда Binance ішкі желісі мен әмияндарын бұзып кірген болатын.
Артынша шамамен 6 миллиард долларлық виртуалды валютаны ұрланғаны хабарланды.
Binance ішкі тергеуіне сәйкес, хакерлік шабуыл компания қызметкерін нысанаға алған әлеуметтік инженерияның нәтижесі болған.
Сот құжаттарына сәйкес, күдікті компанияның қызметкерімен байланысқа шығып, жақсы лауазым ұсынған, ол сол вакансияға қызығушылық танытып, сұхбатқа келіскен. Сұхбат барысында қызметкерден зиянды бағдарламамен жасырын түрде енгізілген бағдарламалық жасақтаманы жүктеп алу сұралған, бұл шабуылдаушыларға операцияларды басқа адамға тапсыратын EIP-7702 бағдарламасын іске асыруға мүмкіндік берген.
Хакерлер ұрланған қаражатты криптовалюта биржалары және цифрлық активтердің қозғалысын жасыруға арналған араластыру қызметтері (крипто араластырғыштар деп те аталады) арқылы жылыстатуға тырысқан.
Еске сала кетейік, бұған дейін Binance криптобиржа тарихындағы ең ірі хакерлік шабуылдан кейін клиенттердің шығынын төлегені хабарланған болатын.