АҚШ «ұшатын тәрелке» туралы құпия материалдар жариялады: астронавтар Айда не көрді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Қорғаныс министрлігі PURSUE атты ақпаратты құпиясыздандыру бастамасы аясында белгісіз ұшатын нысандарға (БҰН) қатысты деректерді тұрақты түрде жариялай бастайтынын мәлімдеді. Тиісті хабарламаны аталған министрлік таратты.

АҚШ «ұшатын тәрелке» туралы құпия материалдар жариялады: астронавтар Айда не көрді
Фото: .War.gov

Ресми мәлімдемеде:

– Бүгін Қорғаныс министрлігі БҰН-ды байқау жағдайлары туралы президенттік ашықтық және есеп беру жүйесі (PURSUE) аясында бұрын жарияланбаған жаңа құжаттарды орналастырудың алғашқы кезеңі басталғанын хабарлайды. Бұл ведомствоаралық бағдарлама Ақ үй, Ұлттық барлау директорының кеңсесі, Энергетика министрлігі, Барлық саладағы аномалияларды зерттеу басқармасы, NASA, FBI және АҚШ барлау қауымдастығындағы өзге құрылымдардың күшін біріктіреді, – делінген.

Ведомство өкілдері құпиясыздандырылған файлдарға Пентагонның ресми сайтындағы арнайы бөлім арқылы қол жеткізуге болатынын түсіндірді.

– Соғыс министрлігі құжаттардың келесі топтамаларын тұрақты негізде жариялап отырады, – деп қосты министрлік.

Алғашқы жарияланған материалдар пакетіне Apollo 17 миссиясы кезінде түсірілген архивтік фотосуреттер, 2025–2026 жылдардағы әскери бақылау деректері және әлі күнге дейін нақты түсіндірілмеген бірнеше оқиғаның сипаттамалары енген.

Құжаттар арасында Ай бетінде түсірілген фотосуреттер де бар. Онда әртүрлі көлемдегі және пішіндегі жарқыраған нүктелерге ұқсас нысандар байқалатыны айтылған.

Сонымен қатар жарияланған материалдарға «Аполлон» және Gemini 7 ғарыш кемелері экипаждарының радиобайланыс жазбаларының стенограммалары енгізілген. Бұл жазбаларда экипаж мүшелері кеме сыртында байқалған ерекше жарық нысандарын сипаттайды.

Кейбір куәліктерде бақыланған нысандардың ғарыш кеңістігінде ретсіз әрі бейберекет қозғалғаны айтылған. Алайда жарияланған құжаттарда бұл құбылыстардың табиғатына нақты түсініктеме берілмеген.

– Иллюминатордың ар жағында көптеген үлкен жарықтар тұр. Олар өте тегіс емес, бұрышты бөлшектерге ұқсайды және кеңістікте айналып жүр, – делінген материалдардың бірінде.

Бұл ақпаратты жариялау жоспары туралы сәуір айының соңында АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеген еді. Оның айтуынша, ол жақында америкалық әскери ұшқыштармен БҰН тақырыбын талқылаған.

Трамптың сөзінше, ұшқыштар өздері «сену қиын нәрселерді» көргенін айтқан.

Айта кетейік, жуырда NASA «Artemis II» миссиясының Айға қатысты 12 мың фотосын жариялады.