АҚШ вице-президенті республикашылдардың сайлауда жеңілу себебін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Республикалық партияның Конгреске өткен аралық сайлауда жеңілуін Иранмен соғысқа және Израильмен қарым-қатынасқа байланыстырды, деп хабарлайды Anadolu.
Вэнс бұл туралы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазып, сайлау нәтижесіне әсер еткен негізгі факторларды атады.
Оның айтуынша, республикашылдардың жеңілуіне Иранға қарсы әскери қимылдар мен Израильге қатысты саясат ықпал еткен. Вице-президент бұған дейін Дональд Трамптың да осындай пікір білдіргенін еске салды.
– Біздің жеңілуіміздің себебі – соғыс. Бұл жағдайдың шынайы себебі барлығына дерлік түсінікті. Бізден теріс айналған сайлаушыларды қалай қайтаруға болатынын анықтау үшін қоғамдық пікірді зерттеу жөніндегі маманмен кеңестім, – деді Джей Ди Вэнс.
Вице-президент партияның саяси ұстанымын қайта қарау үшін төрт бағытқа назар аудару қажет екенін айтты. Атап айтқанда, Иранмен соғысты тоқтату, халықтың күнкөріс шығындары мен инфляция мәселесіне басымдық беру, «Америка бірінші орында» қағидатын жүзеге асыру және Израильмен қарым-қатынасты қайта қарау ұсынылды.
Сонымен қатар Вэнс Республикалық партияның сайлауалды жағдайын бағалаған сарапшыларды сынға алды. Оның сөзінше, олар партия басшылығына сайлаушылардың көңіл-күйі туралы шынайы ақпарат бермеген.
– Біздің тараптағы деректерді талдаушылар назар аударған мәселелердің бірі сайлаушылардың құрамы болды. Яғни сайлаушылардың құрылымы республикашылдардың жеңісі үшін қажет 2024 жылғы көрсеткіштерге қаншалықты сәйкес келетіні зерттелді. Сауалнамалар демократтардың айқын жеңісін болжағанына қарамастан, бізге ұсынылған деректер үнемі бір көріністі көрсетті. Кейбір штаттарда сайлаушылардың белсенділігі жеткілікті жоғары, ал басқаларында өте жақсы болды. Бірде-бір штатта қатысу деңгейі апатты түрде төмен болған жоқ, – деп жазды Вэнс.
Оның айтуынша, осы мәліметтер партия командасының сайлау нәтижесіне қатысты оптимистік көзқарасын қалыптастырған.
Вице-президент алдағы айларда қоғамдық пікірге ықпал етуге бағытталған түрлі әрекеттер болуы мүмкін екенін де ескертті.
Атап айтқанда, ол заңсыз мигранттарға жаппай рақымшылық жасау туралы ұсыныстарды сынға алды. Дегенмен заңсыз жұмыс күшін пайдаланатын кәсіпорындарға бақылауды күшейту сияқты көші-қон саясатын жүзеге асыру тәсілдерін өзгертуге дайын екенін жеткізді.
Сөз соңында Вэнс сайлаудағы жеңілісті алдын ала ескерткен азаматтардың наразылығын түсінетінін айтып, оларды ашуды ысырып қойып, ел үшін жұмыс істеуге шақырды.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп та Иранмен соғыстың республикашылдардың сайлаудағы нәтижесіне әсер еткенін мойындаған болатын. Оның айтуынша, Иран мәселесі жеңіліске ықпал еткен себептердің бірі болған.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-та өткен аралық сайлауда демократтардың Сенат пен Өкілдер палатасында басымдыққа ие болғаны хабарланған еді. NBC News болжамына сәйкес, демократтар Сенатта қосымша жеті орын жеңіп алып, Өкілдер палатасында кемінде 258 мандат иеленуі мүмкін. Жекелеген округтерде дауыс санау жалғасып жатыр.