АҚШ вице-президенті Үндістанға барды
НЬЮ-ДЕЛИ. KAZINFORM — АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Үндістанға ресми сапармен барды, деп жазады ТАСС.

Делиде ол ел премьер-министрі Нарендра Модимен кездесіп, екіжақты сауда, кедендік баж салығы, қорғаныс саласындағы ынтымақтастық және геосаяси мәселелерді талқылайды.
Келіссөздердегі басты тақырыптардың бірі — екіжақты сауда келісімі. Бұл құжат АҚШ тарапынан Үндістанға енгізілген 26% көлеміндегі кедендік баж салығының салдарын жұмсартуға бағытталған.
Қазіргі таңда АҚШ — Үндістанның ең ірі сауда серіктесі. 2024 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 129 млрд долларды құрады. Оның 45,7 млрд доллары Үндістан пайдасына оң сальдо ретінде тіркелді.
The Economic Times басылымының жазуынша, бұл сапарда нақты келісімдерге қол қойылмаса да, тараптар болашақта қорғаныс және сауда бағытында ауқымды серіктестіктің негізін қалайды.
Ақпандағы Моди мен Трамптың кездесуінен кейін жасанды интеллект, энергетика, жартылай өткізгіштер, маңызды минералдар мен қару-жарақ өндірісі секілді салалар бойынша ортақ мақсаттар белгіленген. Үндістан АҚШ-тан Javelin танкке қарсы зымырандарын сатып алып, Stryker әскери техникасын бірлесіп өндіруі мүмкін.
Вэнспен бірге оның үнді текті жұбайы Уша және үш баласы да Үндістанға келді. Делиде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Делиге келе салысымен америкалық делегация әйгілі Акшардхам ғибадатханасын аралап, дәстүрлі үнді қолөнер бұйымдары сатылатын сауда кешенін көруі мүмкін.
Вэнс пен Моди арасындағы ресми кездесу түстен кейін өтеді. Вэнс Делиден дүйсенбі кешке ұшып, сапарын Джайпур мен Агра қалаларында жалғастырады.
Айта кетейік, бұған дейін Трамп Қаржы және Сауда министрлерінің үгіттеулерінен кейін тарифтерді уақытша тоқтатқанын жаздық.