АҚШ жағалауларын поляр жапалағы басып алды

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - АҚШ-тың шығыс жағалауында белгісіз себептермен ақ жапалақтар қаптап кетті. Олар Атлантикадан бастап Флоридаға дейінгі аралықта көп кездеседі. Солтүстік жыртқыштарының оңтүстікке қарай тым алысқа қанат қақпайтынын ескерсек, бұл таңғаларлық жағдай, деп жазады segodnya.ua.

АҚШ жағалауларын поляр жапалағы басып алды

Жапалақтар елдегі әуежайларда көптеген проблемалар тудыруда. «Олар әуеге көтеріліп жатқан ұшақтарға соғылуы мүмкін» деген қауіп бар. Бостон халықаралық әуежайында 53 үкі ауланып, қауіпсіз жерге апарылды.

Сондай-ақ, ақ үкілер Вашингтонда да пайда болған. Олардың бірі адамдардан қорықпастан, Washington Post газетінің редакциясының ғимаратына келіп қонған.

Ғалымдар бұл құстардың неліктен осынша алшақ қашықтыққа ұшып келгенін түсіндіре алмайды. Алдымен олардың мекендеген жерлерінде қоректері таусылып қалған деген болжам жасалды. Алайда, құстардың салмағын өлшегенде, аса жадап-жүдемегендері анықталды.