АҚШ және Еуропа қалаларында «Мәңгілік полк» акциясы басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенбі күні Еуропа мен АҚШ қалаларында Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқандарды еске алу құрметіне ұйымдастырылған «Мәңгілік полк» қоғамдық акциясы басталды. Көптеген елдерде бұл акция алғаш рет өтеді.
Кейбір қалаларда «Мәңгілік полк» акциясы кештеу - жексенбі және дүйсенбі, 8 және 9 мамыр күндері басталады.
Акция ұйымдастырушыларының РИА Новости агенттігіне хабарлауынша, «Мәңгілік полк» қатарына «ұлты, діні, саяси және өзге көзқарастарына қарамастан, кез келген адам» тұра алады.
Салтанатты акциялар АҚШ, Канада, Германия, Франция, Ұлыбритания, Испания, Швейцария, Эстония, Латвия, Чехия, Литва және тағы басқа көптеген елдерде өтеді.
«Мәңгілік полк» - адамдардың Ұлы Отан соғысына қатысқан туыстарының фотосуреттерін қолға ұстап өтетін марштан тұратын қоғамдық акция. Ол Жеңіс күні Ресейде және басқа елдерде өткізіледі.
Биылғы жылы «Мәңгілік полк» www.polkrf.ru ғаламтор-порталын ашып, жаһандық әлеументтік желіні құрды. Портал Ұлы Отан соғысы сарбаздарының бүкіл әлемде тұратын 290 миллион ұрпағын біріктіре алады. Онда әскери іс-қимылдардың қатысушылары туралы ғана емес, тыл еңбеккерлері, партизандар және соғыс балалары туралы мәліметтер жиналады. Жауынгерлердің ұрпақтары ұрыс орындары болған жерде жиналып, сарбаздарды еске алу мүмкіндігіне ие болады.