12:37, 20 Желтоқсан 2013 | GMT +5
АҚШ және Қазақстан тергеушілерінің А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысты ойлары бір жерден шығып отыр - АҚШ өкілі Д.Ордвей
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - АҚШ және Қазақстан тергеушілерінің Алтынбек Сәрсенбайұлының, Василий Журавлевтің және Бауыржан Байбосынның өліміне қатысты ойлары бір жерден шығып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокуратурасында өткен брифингте АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джон Ордвей айтты.

«2006 жылғы 11 ақпанда Алматы қаласында Алтынбек Сәрсенбайұлының, Василий Журавлевтің және Бауыржан Байбосынның қатыгездікпен өлтірілуіне қатысты ұзақ және көпжақты тергеудің аяқталуын белгілеу үшін осы кездесуге қатысып отырмын. Мен сонымен қатар АҚШ пен Қазақстан құқық қорғаушылары өзара тығыз байланыста болғандығын атап өткім келеді. Тергеу барысында АҚШ-тың Федералды Тергеу Бюросы іске қатысты барлық құжаттарға еркін қол жеткізіп отырды. Бұл істің еш кедергісіз тәуелсіз бақылауды жүргізуге ғана емес, куәгерлерді қазақстандық органдардың қатысуынсыз арнайы полиграфтарда тексеру мүмкіндігін берді. ФТБ жасаған іс-қимылдардың қорытындылары ҚР Бас прокуратурасының келген шешімдерімен сәйкес келді», - деді ол.