АҚШ жанкүйерлері Вашингтондағы ұлттық әуежайға Хоуард есімін беру туралы бастама көтерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-та бастамашы топ Вашингтон қаласындағы ұлттық әуежайдан Рональд Рейган есімін алып, қақпашы Тим Хоуард есімін беру керек деген бастама көтеруде.

АҚШ жанкүйерлері Вашингтондағы ұлттық әуежайға Хоуард есімін беру туралы бастама көтерді

1/8 финалдағы Бельгия - АҚШ матчында (2:1) америкалықтардың қақпашысы Хоуард 16 соққыны кейін қайтарған. Бұл матчта бельгиялықтар АҚШ қақпасын 38 рет көздепті: оның 16-сын Хоуард қайтарса, 9-ын қорғаушылар ұзатпаған, 11 соққы шетке кеткен, екеуі қақпа төрінен табылған. Хоуард матчтың үздік футболшысы болып танылды. Ол соншалықты шабытпен ойнамаса, АҚШ құрамасы әлдеқайда ірі есеппен ұтылып қалуы мүмкін еді. Хоуардтың бұл жетістігі әлем чемпионаттарының рекорды болып та тіркеліп отыр. Бұған дейін ешбір қақпашы бір мачта осынша соққыны қайтара алмапты. Бастамашы топ қол жинауға кірісіп кетті. Егер «әуежайға Хоуард есімі берілсін» деген ойды қолдаушылар саны 100 мыңға жетсе, Ақ үй ресми жауап беруге тиіс. Әлеуметтік желілерде тіпті «АҚШ-тың келесі президенті тап сол Тим болуға тиіс» деп бастама көтерушілер де пайда болыпты, деп жазады «Айқын» басылымы.