Ақша бермесең интим видеоңды таратамыз: Таразда 24 жастағы жігітті бопсалағандар ұсталды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында интимдік сипаттағы бейнежазбаны таратпау үшін ақша бопсалаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақша бермесең интим видеоңды таратамыз: Таразда 24 жастағы жігітті бопсалағандар ұсталды
Фото: polisia.kz

Тараз қаласының полиция бөліміне бопсалау дерегі туралы облыс орталығының 24 жастағы тұрғыны шағымданды.

Жас жігіт кейбір адамдар бопсалау және қоқан-лоққы көрсету арқылы интимдік сипаттағы бейнежазбаны таратпау үшін оның 990 мың теңге көлеміндегі ақшасын иемденгенін айтты.

Осы дерекке қатысты ҚР ҚК 94-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Жедел-іздестіру шаралары кезінде Жамбыл облысының полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлінісімен бірлесіп 29, 28, 24 және 19 жастағы төрт азаматты анықтап, ұстады.

Ұсталғандар өз кінәсін толық мойындады.

24 пен 29 жас аралығындағы күдіктілер Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Екі күдікті қолхатпен босатылды.

Ұсталғандардың бірінің бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.

Қазіргі уақытта істің толық мән-жайларын анықтау үшін барлық қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.