Ақша бопсалап, көлік ұрлаған қылмыстық топ мүшесі Астанада құрықталды - ҚР ІІМ

2010 жылдың маусымында автокөлікті ұрлау арқылы ауыр қылмыс жасаған қылмыстық топтың 26 жастағы мүшесін құрықтады. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен брифинг барысында мәлім болды.
Министрліктің баспасөз қызметінің басшысы Нұрділдә Ораздың айтуынша, күдікті екі «серігімен» бірігіп, тапаншамен қорқыту арқылы 30 жастағы кәсіпкерден 8 мың АҚШ долларын талап еткені анықталды. Бұнымен қоймай, кейін олар жәбірленушінің «Лексус» маркалы көлігін иеленіп, қашып кеткен.
«Қазіргі уақытта ұрланған автокөлік табылып, иесіне қайтарылды. Өткен жылы қылмыстың екі қатысушысы Ресей Федерациясының Омбы қаласында ұсталып, әртүрлі мерзімге бас бостандықтан айыру жазасына кесілген болатын. Ал үшінші қатысушы Өзбекстанда жасырынып жүрген еді және өткен аптада Астана қаласында ұсталды», -дейді Нұрділдә Ораз.