«Ақша қажет, ал қазақ тілі керек емес» дейтіндерді қалай түсінеміз?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 15 қыркүйек, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Ақша қажет, ал қазақ тілі керек емес» дейтіндерді қалай түсінеміз?» - республикалық басылымдарға шолу

***

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысында сапармен болды. Онда көктемгі су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, сөз сөйледі. Сондай-ақ өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандармен танысты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде Елбасының жұмыс сапары жайында жазылған көлемді мақала «Ақжайық адымдары» деген тақырыппен берілді. Басылымның атап өтуінше, Қазақстан басшысы Ақжай­ық­қа сапарының қорытындысы бойынша мұнда тәуелсіздік тұ­сында қол жеткен табыстарға оң баға берді. «Иә, Ақжайықтың бү­гін­гі адымдары тайға таңба бас­қандай анық, бедерлі әрі ар­шын­ды екені талас туғызбайды. Тәу­ел­сіздіктің топшысы одан әрі беки түсуіне батысқазақ­стан­дық­тардың қосқан үлесі тәуел­сіз­діктің ертеңгі тарихынан орын алары анық. Елбасының Батыс Қазақстан облысына сапарының тағы бір түйіні осындай ойға жетеледі», - деп жазады басылым.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «2010 жылы Қазақстан Респуб­ли­касындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» баянда­ма­сының халықаралық тұсаукесері болып өтті. Бұған дейін баяндама халық­ара­лық және отандық сарап­шы­лардың оң бағасын алған бола­тын. Осы ретте адам құқықтары жөніндегі баяндама Ұлыбрита­ния­ның Қазақстандағы және Қырғызстандағы елшіліктерінің, ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының техникалық көмегі арқасында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып шықты.

***

Кеше Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед арқалап келген мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелеріне қатысты заң жобасын Парламент Мәжілісінің депутаттары мақұлдады. Осыған орай «Алаш айнасы» газетінде «Ақша қажет, ал қазақ тілі керек емес» дейтіндерді қалай түсінеміз?» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Осыған дейін талай қызу талқыға түскен заң жобасы әбден пісіп-жетілген екен. Айрықша атап өтетін дүние - заң жобасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алу үшін конкурсқа қатысатын үкіметтік емес ұйымдарға конкурстық құжаттарды қазақ және орыс тілдерінде рәсімдеуді міндеттейді. Ұмытпасақ, заң жобасына бұл өзгертуді Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов енгізген болатын. Алайда кешегі пленарлық отырыста Парламент Мәжілісінің депутаты, бұрымды Бақыт Сыздықова өзінің күмәнді сұрағымен «заңның бұл талабына іштей наразы депутаттар да бар екен-ау» деген ой туғызды», - деп жазады басылым.

«Әлихан дегенде елең етер министрлердің табылмағаны ма бұл?». «Алаш айнасы» газетінде осындай тақырыппен жарық көрген мақалаға елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Әлихан Бөкейханның 145 жылдығына арналған «Алаш мұраты және тәуелсіз Қазақстан» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция арқау болған. «Өкініштісі сол - атаулы конференциядан бірде-бір министрді көрмедік. «Әлихан Бөкейханов маған қатысы жоқ» дейтіндей тұлға ма еді? Қазақ экономикасына сіңірген еңбегін ескеріп, экономика және сауда министрі мен қаржы министрі келуге болатын еді ғой», - деп ашына жазады басылым.

***

«Айқын» газеті өзінің кешегі санында күрес түрлері бойынша Түркияның Ыстамбұл қаласында өтіп жатан әлем чемпионатының алғашқы күні жерлестеріміз үшін сәтсіз аяқталғаны жайында оқырмандарын құлағдар еткен болатын. Ал бүгінгі нөмірінде сүйінші хабар жариялапты. Басылымның атап өтуінше, екі балуанымыз, атап айтқанда Алмат Кебісбаев күміс, Нұрмахан Тінәлиев қола медальға ие болған. Басқа да спорт жаңалықтарынан егжей-тегжейлі мағлұмат алғыңыз келсе, «Айқын» газетінің бейсенбілік санына көз жүгіртіңіз.

***

«Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Сау­да­баевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республика­сы­ның Президенті жанын­да­ғы Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес мәселелері жө­ніндегі комиссияның оты­рысы болып өтті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, отырыста мемлекеттік орган­дар­дың көші-қон заңнамасын қол­дану жөніндегі қызметіне про­куратура органдарының жүр­гізген тексеру нәтижелері мен Ақмола және Алматы облыстары әкімдіктерінің сыбайлас же­м­қор­лық­қа қарсы күрестің аймақтық мәселелерін іске асыруда қабыл­дап жатқан шаралары бойынша Бас прокурордың бірінші орын­басары И.Меркельдің, Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың, сондай-ақ аталған облыстардың әкімдері С.Дьяченко мен А.Мұсахановтың баяндамалары тыңдалды.