Ақша-кредит саясатын жеңілдету инфляциялық процестерді күшейтеді – Ұлттық банк
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында дәл қазір ақша-кредит саясатын жеңілдету неге орынсыз деп топшылағандарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ағымдағы жағдайларда ақша-кредит саясатын жеңілдету орынсыз», - деп жазды ол жауабында.
Оның пайымынша, экономиканың өсуіне ықпал ететін қысқа мерзімді оң құбылыстар байқалғанымен, ұзақ мерзімді өлшемде оның теріс салдары болуы мүмкін. Бұл әсіресе теңге бағамының құлдырай түсуіне түрткі болатын көрінеді.
«Жоғары инфляциямен салыстырғанда ақша нарығындағы теңгедегі активтердің негізсіз төмен кірістілігі қаржы нарығының кәсіби қатысушыларында да, халық арасында да валюталық артықшылықтардың өзгеруіне себеп болады. Бұл өз кезегінде, девальвациялық күтулердің өсуіне және теңгенің әлсіреуіне әкеп соғады. Салдарынан долларландыру процесі қайта басталып, инфляциялық процестер күшейе түседі. Сонымен қатар теңгелік депозиттерден қаражаттың кетуі салдарынан банк жүйесінің ресурстық базасы төмендейді. Бұл қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бөлігінде тәуекелдерді айтарлықтай арттырады», - деді Ұлттық банк басшысы.
Ғалымжан Пірматовтың айтуына қарағанда қазіргі жағдайда ақша-несие саясатын жеңілдету экономикадағы тұтыну шығындарының артуына ғана әкелуі мүмкін.
«Экономика субъектілерінің қалаулары тұтыну жағына қарай ауысатын болады. Жоғары тұтыну сұранысы инфляциялық процестерді одан әрі жеделдетеді және сайып келгенде халықтың нақты табысын төмендетеді», - деп жазылған жауапта.